МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ – МЕРЕЙЛІ МІНДЕТ

0

Мемлекеттік қызметкер өз міндетін адал атқару арқылы халықтың игілігі үшін еңбектенеді. Бұл ретте, 23 – маусым мемлекеттік қызметшілер мерекесі қарсаңында жүргізген сұқбатымызда Ауқатты ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Фаузия Тапиева өзінің өмірлік жолын мақтанышпен еске алды. Оның еңбек жолы тек кәсіби тәжірибемен ғана шектелмей, сондай-ақ туып-өскен ауылына, оның азаматтарына деген сүйіспеншілікпен, елдің болашағын қалыптастыруға қосқан үлесімен де ерекшеленеді.

Фаузия Оңласынқызы Ауқатты ауылында дүниеге келген. Білім алу жолында алғашқы қадамдарын 1974 жылы тәлім-тәрбие алған 8 сыныптық орта мектептен бастап, өзін жан-жақты дамытуға ұмтылған. Оқу мен білім алу, даму мен өркендеу – оның өмірінің басты қағидасы болды. 1981 жылы Бішкек қаласындағы қаржы-экономикалық колледжінің ауыл шаруашылығы есепшісі мамандығына қабылданып, 1984 жылы дип-ломын жоғары деңгейде қорғап, қолына алды. Дип-ломын алғаннан кейін Фаузия Тапиева еңбек жолын 1984 жылы Ауқатты ауылындағы «Трудовик» колхозында есепші ретінде бастайды. Бұл кезеңде ол ауыл шаруашылығы мен өндірістік қарым-қатынастардың негіздерін үйреніп, қаржылық жоспарлау мен есеп жүргізу дағдыларын қалыптастырды. 1985-1987 жылдар аралығында Бішкек қаласындағы Ленин атындағы заводта жұмыс істей отырып, өндірістік есептік жұмыстарын ұйымдастырумен айналысты. Бұл кезең кейіпкеріміз үшін маңызды тәжірибе болды, себебі ол өндірістік бухгалтерияның қыр-сырын үйреніп, есеп жүргізу жүйесіндегі өзгерістерді ескеруге, проблемаларды шешуге, жаңа әдістерді енгізуді үйренді.

«2001 жылы Ауқатты ауылдық округі әкімі аппаратына кассир-есепші міндетін атқарушы болып тағайындалғаннан кейін, мемлекеттік қызметтегі мансабымды одан әрі жалғастырдым. 2002 жылы толыққанды кассир-есепші лауазымына тағайындалуым ауқымды жауапкершілікке итермеледі. Бұл міндеттерге бюджет қаржысын басқару, қаржылық есептерді жасау, мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуын қамтамасыз ету, қоғамдық игіліктерге қол жеткізуді бақылау сияқты маңызды міндеттер кірді», — дейді Фаузия Оңласынқызы.

2008 жылы жетекші маман-есепші кассир лауазымына тағайындалған білікті маман, өз қызметінде мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруда көптеген жобаларды жүзеге асыра бастады. Бұл кезеңде ол округтің бюджет жоспарын жасау мен оны орындау бойынша тиімді шешімдер қабылдап, қаржыны тиімді басқару тәсілдерін енгізді.

2021 жылдан бері Ауқатты ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы қызметін атқарып келе жатқан Фаузия Тапиева, мемлекеттік қызметтің алтын арқауын жалғастырып, округтің әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында аянбай еңбек етуде. Оның қызмет дәрежесі мен жауапкершілігі ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеруге бағытталған даму бағдарламаларын іске асыруға мүмкіндік берді. Ол мемлекеттік қолдау мен әлеуметтік бағдарламаны үйлестіре отырып, жергілікті тұрғындардың қоғамдық өміріне белсене араласуда.

Оның еңбек жолы жастар үшін үлгі бола отырып, мемлекеттік қызметтің маңызды рөлін түйсіндіреді. Фаузия Тапиеваның мемлекет игілігі жолындағы еңбегі, ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға белсенді әрекеттері – бұл оның азаматтық және мемлекеттік қызметкер ретінде жоғары жауапкершілігі мен міндетін жан-жақты меңгеруімен көрінеді.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.