Мемлекеттік бағдарлама шапағаты

0

2020 жылдан бастап елімізде нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы жүзеге асырылған болатын. Басты мақсаты жас маманды әрі қарай зейнетке шығатын қызметкерді алмастыратындай жұмысқа орналастыруды көздейді. Аталған бағдарлама бастапқыда еліміздің 4 облысында пилоттық жоба ретінде іске қосылған. Өз нәтижесін тиімді бере бастаған аталмыш жобаның қатысушысы, ауданымыздың жас тұрғыны

Гүлжан Хабидуллаева жайында әңгімелекпіз.

22 жастағы Гүлжан Махсетқызы — «Ұрпақтар келісімшарты» жобасының қатысушысы. Ол Алматы облысы, Қаскелең қаласында орналасқан медициналық колледжінің 2023 жылғы түлегі. Кез-келген оқу орнын аяқтаған жас мамандар үшін, тұрақты жұмысқа орналасу мәселесі көкейде тұратыны шындық. Медициналық оқу ордасында білім көкжиегін кеңейтіп, бұрын соңды тәжірибесі болмаған кейіпкеріміз, Қордай  ауданы, «Мансап» орталығына жұмыс іздеп жолығады. Мемлекет тарапынан ұсынылған зор мүмкіншілікке ие болған жас маман, қазіргі таңда Қордай ауданы, Сарыбұлақ ауылдық дәрігерлік амбулаториясына жолданып, жалпы тәжірибелік мейірбике қызметін атқаруда.

Айта кетейік, бағдарламаның шарты 6 ай мерзімге жасалады. Мемлекет осы аралықта жас маманның жалақысын 20 АЕК мөлшерінде субсидиялайды. Осылайша қатысушы міндетінің мәніне тереңірек үңіліп, тәжірибе жинақтайды және тәлімгер зейнетке шыққанға дейін оны толығымен ауыстыруға жағдайы жетеді. Келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші оны бұрынғы жұмысшының жалақысымен тұрақты жұмысқа қабылдайды. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында жас түлектер тәжірибе жинап, маман атанып тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болуда. Бұл жастарға берілген үлкен мүмкіндік және қолдау.

Leave A Reply

Your email address will not be published.