МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМА ШАПАҒАТЫ

0

Жуырда өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «Тараз» микроқаржылық ұйымы арқылы лизингке жаңбырлатып суғару қондырғыларын беру жұмыстарын ұйымдастырды. Айта кетсек, жаңа техникаға бірінші болып қордайлықтар қол жеткізді.

«Су – тіршілік көзі» демекші, ауыл шаруашылығы саласында суармалы судың алар орны ерекше. Ал, ауданымыздың табиғат жағдайына байланысты жаз айларында суармалы судың тапшылығы айқын сезіліп, шаруаларды әбігерге салатыны жасырын емес. Сол себепті қордайлық диқандар бұл мәселенің оңтайлы шешімін тауып, өнімділікті арттыру мақсатында заманауи технологиялар мен тиімді тәсілдерді қолға алуда. Мәселен, Ауқатты ауылдық округіне қарасты Қуанышбек Абдықалықов басқаратын «Ауқаттылық» шаруа қожалығы облыс бойынша бірінші болып жаңбырлатып суғару қондырғысына жоғарыда айтылған лизинг жүйесі арқылы қол жеткізді. Яғни, шаруашылық өкілдері мемлекеттік бағдарлама аясында үш мобильдік «JP 75-400» ирригациялық жүйесін сатып алды. Тарқата айтсақ, аталмыш кешендердің әрқайсысының құны 6,1 млн теңгені құрайды. Алайда, шаруашылық басшысының айтуынша, жүйе өз құнын тез арада ақтап шығуы тиіс. Оған қоса мемлекет тарапынан ұсынылған лизингтің шарттары да қолайлы: лизинг мерзімі 5 жыл, ал жылдық мөлшерлемелері 5%. Алғашқы 6 айда сыйақы төлеуге жеңілдік берілсе, негізгі қарызды бір жылдан кейін өтей беруге болады. Ал, бастапқы жарна болса жалпы соманың 10% құрайды. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан аталмыш қондырғылар құнының 50 процентіне субсидия төленбек. Яғни, іс жүзінде шаруашылық техниканың жарты құнын ғана төлейді.

«Бұл бағдарлама жайында аудандық «Қордай шамшырағы» газетінен біліп, аудан орталығындағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының филиалына жолықтым. Онда жағдайды бағдарлап, мамандардан қажет ақпаратты алдым. Содан кейін «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жүгінуді жөн көріп, жаңбырлатып суғару қондырғысын лизингке алуға өтінім бердім. Аталмыш қондырғыларды қолдану үшін кішігірім су көзі болса жеткілікті. Бұл оның өзге жүйелерден артықшылығы деуге болады. Арық, жылғаға құбыршекті түсіріп, жиынтықта келетін дизель қозғауышының көмегімен су алынады. Су алысқа тегіс шашылады. Осылайша, көптен бері егістікке қолдануға қолайсыз болған тәлімі жерлерді айналымға енгізуге болады», — дейді Қуанышбек Дабырұлы.

Қазіргі таңда қондырғылар шаруашылық қоймаларына жеткізіліп, алдағы егіс маусымына дайындалуда.

«Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы облыста ауыл шаруашылығын жаңарту, жаңбырлатып суғару қондырғыларын сатып алуды субсидиялау, балық шаруашылығы бойынша жобаларды іске асыруда. Заманауи жаңбырлатып суғару қондырғыларын алған «Ауқаттылық» шаруа қожалығы облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған лизингтік қаржыландыру жобасының ең алғашқы қатысушысы. Біз қажетті құжаттарға қол қойып, құрал-жабдықтарды клиентке тапсырдық», — дейді «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Қордай ауданындағы өкілі Әлімжан Әденов.

Осы орайда Ә.Әденов іске асырылып жатқан өзге жобаларды да алға тартты. Мәселен, Жамбыл облысында техниканы жаңарту бағдарламасы аясында Қордай ауданынан тракторға алты өтінім түскен, олардың ішінде үш шаруа қожалығы («Асан» ШҚ, «Валя» ШҚ, «Күренкей» ШҚ) техниканы лизингке тікелей алса, үш шаруашылық («Нұрсұлтан» ШҚ, «Игілік» ШҚ, «Ауқаттылық» ШҚ) техниканы TRADE-IN бағдарламасы арқылы алған. Демек, ауданда бас-аяғы тоғыз трактор алынды. Бүгінгі күнге тағы он өтінім берілген, олардың бесеуі бойынша құжат жиналып, «Тараз» микроқаржы ұйымына жолданған. Жаңбырлатып суғару жүйлерін жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы аясында екі шаруа қожалығы («Ауқаттылық» ШҚ, «Алмарасан» ШҚ) төрт құрылғы сатып алса, тағы алты шаруашылық өтінім тапсырып, құжат жинау үстінде. Мұнымен қатар, бағдарлама аясында балық өсіру мақсатында тоған шаруашылығын құру және оларды лизинг алушыларға тапсыру үшін төрт өтінім тапсырылған («Ирзаев» ЖК, «Иманжан» ШҚ, «Жалғас» ШҚ, «Косманова А.А.» ЖК).

 

Серғазы Манасбаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.