МЕМЛЕКЕТТІК ИНСПЕКТОР МЕКТЕП ҚҰРЫЛЫСТАРЫН КӨРДІ

0

Қордай ауданына жұмыс сапарымен ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Ғали Кенжеахметов келіп, Қарасу және Қаракемер ауылдарында салынып жатқан «Жайлы мектеп» құрылысы барысымен танысты. Мемлекеттік инспектормен бірге құрылыс нысандарын аралаған аудан әкімі Бегзат Болатбеков аудандағы осы салада қолға алынып жатқан жұмыстар жайын баян етті.

Жамбыл облысында 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде жалпы 9500 оқушыға арналған 12 мектеп салу жоспарланса, оның үшеуі Қордай ауданында бой көтеруі тиіс. Былтыр Қаракемер және Қарасу ауылдарында 300 орындық білім ошағының құрылысы басталған болатын. Жаз айында мектеп кілтін табыс етеміз дейді, құрылысшылар.  Жоспар бойынша қос нысанның құрылысы биыл аяқталуы тиіс.

Аудан әкімі «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасының аудандағы үш ауысымды және орын тапшылығы бар мектептердің мәселесін шешудегі маңыздылығын атап өтсе, жалпы құрылыс барысы жайлы мердігер компания өкілдері баяндады. Өз кезегінде Ғали Кенжеахметов құрылыстардың сапасын қатаң бақылауда ұстау және мерзімінде аяқтау үшін тиісті жұмыстарды күшейту қажеттігіне тоқталды.

Айта кетейік, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы туралы алдымен Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған болатын.

«…Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», — делінген Жолдауда.

Сапар барысында мемлекеттік инспектор «Қарақоңыз» су қоймасы жағдайымен танысты. Қазіргі таңда келіп жатқан су деңгей, қойманы жөндеу жұмыстары турасында мамандар толыққаны мәліметтер беріп, бірқатар мәселелер инспектор назарына алынды.

Еске сала кетсек, «Қарақоңыз» су қоймасы Қордай ауданында орналасқан маңызды гидротехникалық нысан болып табылады. Бұл су қоймасы егін алқаптарын суаруда және аймақтың су ресурстарын реттеуде маңызды рөл атқарады. 2024 жылдың сәуір айында «Қарақоңыз» су қоймасының толу деңгейі 99%-ға жеткен болатын. Қазір жағдай тұрақты, мамандар бақылауына алынған. Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында су қоймасын қайта жаңғырту жұмыстары жоспарлануда. Реконструкциялау жұмыстары су қоймасының сыйымдылығын арттырып, аймақтағы суармалы жерлердің сумен қамтамасыз етілуін жақсартуға бағытталған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.