Кез-келген егеменді елдің ең басты қағидасы – мемлекеттік тілді құрметтеу. Қазіргі кезеңдегі алмағайып заманда ұлт болып қалыптасып, еліміздің болашағын нығайтып, мәңгілік ел болып қалуымыз үшін мемлекеттік тілдің маңызы зор екенін көзі қарақты жанның бәрі түсінеді ғой деп ойлаймын. Тілі жойылған халықтың болашағын көз алдымызға елестету мүмкін емес. Бүгінгі жаһанданған заманда ақпараттық технологиялар қарыштап дамып тұрғанда, мемлекеттік тілді оқып үйрену елімізде тұратын, Қазақстан республикасын өз елім деп танитын барлық ұлттарға қатысты деп білеміз. Мен, Гүлмира Қазанчиева, Қордай ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Тілдерді оқыту орталығы» КММ, Масаншы ауылы, әл-Фараби орта мектебінде бастауыш топ пен жалғастырушы топ тіл үйренушілеріне қазақ тілінен сабақ беремін. Ересектерге тіл үйретуде білім берудің негізгі қызметі — адамның жан-жақты қалыптасуына мүмкіндік жасау екенін түсіндіре отырып, өзіндік әдістемелік ұстанымдарыммен сабақ өткіземін.
Әрбір сабақта бірнеше тіл үйренуші ғана сабаққа ынталанып өз еркімен жауап беретін болса, бірлескен жұмыс барысында топта отырған барлық топ мүшелері интербелсенді әрекетте болады. Сұрақтың еркін қойылуына байланысты өзара сыйластық, достық, бір-біріне деген бейімделу және ұстаз бен тіл үйренушінің арасындағы сенімділік кең орын алады. Өзгенің пікірін жағымды тұрғыда қабылдау, оны түсінуге ұмтылу аудиторияда психологиялық климат құру, әр сабақ үшін керек-ақ. Аудиторияда жағымды психологиялық климат құру үшін және тіл үйренушінің назарын сабаққа аудару мақсатында ойсергек өткіземін.
Кейбір тіл үйренушілер сабаққа белсенді түрде қатыспай, немқұрайдылық танытып, тек тыңдаған кейіп танытып отыра береді. Тіл үйренушілердің сабаққа деген қызығушылығын ояту мақсатында төмендегідей ойын тәсілдерді сабақта жиі қолдандым.
Сабаққа қызығушылықты тудыру-дың кейбір тәсілдері.
1.Оқиғаны сипаттау.
2.Осы мәселе бойынша өз пікірін білдіру.
- Сұрақ қою.
- Даулы пікір дайындау.
- Әдеттен тыс мәліметтерді келтіру.
Оқиға сипатталып айтылған соң, осы оқиғаға байланысты білімгерлер бір-біріне сұрақ қоя отырып, негізгі айтылайын деген ойды өздері анықтап алады. Тіл дамыту үрдісі ең алдымен, шығармашылық бағыттағы әр түрлі жұмыстар арқылы жүзеге асады. Тіл үйретуде төл дыбыстарды дұрыс оқып, айту үшін жаңылтпаштарды қолдану өте маңызды. Өйткені, жаңылтпаштарды шапшаң айту арқылы тіл дыбыстарының дұрыс дыбысталуын, айтылуын білімгер тез меңгереді. Жаңылтпаш — жеке баланың ермегі емес, ол — көбінесе топ ортасында балалардың тез де, жаңылыссыз, дыбыстарды анық сөйлеуіне дағдылануына үйрететін ойын-өлең. Оның ойындық сипаты балалардың бір-бірімен жарыса кезекпе-кезек айтысуында жатыр. Ол тіл жаттықтыру мақсатын ғана көздемейді, жаңылтпаштағы сөздері дұрыс айтылмаса, құлаққа мүлде басқаша естіліп күлкі де туғызады.
Мәселен:
Ақ тай ақ па?
Қара тай ақ па?
Түскір тістің түбі істі,
Түскір тісі түсті.
Балаға алара қарама,
балаға алара қарауға бола ма?
Қанат қанағаттанарлық баға алды,
Қанағат қанағаттанарлықсыз баға алды.
Жаңылтпаш — балалар өлең-ойындарының ішіндегі салмақты орын алатын, тәрбиелік мәні жоғары, көркемдік кестесі күрделі жанрдың бір түрі.
Сонымен қорыта келе, білімгерлерге бірдей талап қоя отырып мүмкін болатын мәселелерді қарастырамыз. Білімгерлердің оқу материалын меңгеруде логикалық және эмоционалдық еске сақтау белсенділігін арттырып, іс-тәжірибелік жағдайларда өздерінің теориялық білімдерін қолдануды қалыптастырса, олардың өздік жұмысы белсенді болады.
Елімізде тұратын әрбір қазақстандықтың асыл парызы – мемлекеттік тілді біліп, құрметтеу.Мемлекеттік тілдің тұғыры биік, мәртебесі арта береді деген сенімдеміз.
Гүлмира Қазанчиева,
Тілдерді оқыту орталығының қазақ тілі оқытушысы