Бүгін біз қазақ мәдениетінің қалыптасу процесінің куәгеріміз және елімізде барлық халықтардың мәдени ынтымақтастығын біріктіретін күш ретінде қазақ мәдениетінің дамуына ықпал ететін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Азаматтардың қазақ тілін игеру деңгейіне қарай мемлекеттік тілді кезең-кезеңімен енгізу біртіндеп жүзеге асырылуда. Қоғамда, әсіресе, мемлекеттік қолдау мүмкіндігі жоғары салаларда қазақ тілінің қолданыс аясы едәуір кеңейіп келе жатыр деп айтуға толық негіз бар.
Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту, тілдің қолданылу аясын арттыруға күш салу біздің міндетіміз болып табылады. Қазірігі таңда мемлекет тарапынан тілдік қорымызды үздіксіз жетілдіріп отыру үшін заңдар қабылданып, бағдарламалар жасалған. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып мемлекеттік тілдің қолдану өрісін кеңейту өз қолымызда.
Сот iсiн жүргiзу тiлiн ерікті таңдау принципі – істің мән-жайларын анықтауға, нақты шешімдер шығаруға, сот арқылы құқық қорғаудың қолжетімділігіне ықпалын тигізеді. Алайда мемлекеттік тілді дамыту барысында, мемлекеттік органдардан хат-хабарлар орыс тілінде түссе, жауапты заңнамаға сәйкес орыс тілімен қатар қазақ тілінде де жіберу қажет.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», деп атам қазақ тегін айтпаған. Тіл — ұлттық діліміздің көрініс табатын әлеуметтік құбылысы, мәдениетіміздің биік тұғыры. Сондықтан тіл әлемдегі ұлттық мәдениеттің ара қатынасында аса маңызды рөлге ие.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңы 1997 жылғы 11 шілдеде қабылданды. Осы Заңның 4-ші бабында: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі. Сонымен бірге, Үкімет, мемлекеттік органдар мемлекеттік тілді, яғни қазақ тілін барынша дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға және қазақ диаспорасына ана тілін сақтауы мен дамытуы үшін көмек көрсетуге міндетті» деп көрсетілген.
Тіл туралы Заң қабылданғаннан бері, оны жүзеге асыру үшін Қазақстан Үкіметі бірқатар қаулылар қабылдады. Атап айтқанда, соның бірі – 1998 жылғы 14 тамызда «Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту туралы».
Сонымен қатар, тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы да бар. Алайда, қаншама жетілген заңдар, бағдарламалар қабылданғанымен, оны іске асыратын адам. Сондықтан әрбір қазақ азаматының бойында өзінің ана тіліне деген құрмет, оның құдіретіне бас июшілік сезімі қалыптаспайынша, қазақ тілінің көсегесін көтеру қиын.
Әр халықтың ана тілі — оның жаны, ұлттық болмыс-бітімінің бейнесі, ғасырлар бойы жинақтаған рухани байлығының көзі, ішкі жан дүниесінің өзіне ғана тән құпиясы.
Ел тәуелсіздігі – тіл тәуелсіздігі, тіл ұлттың төлқұжаты, мемлекеттік тұғыры демекші, осы бағыттағы болашақтың берік іргетасы бүгін қалануы қажет. Әсіресе, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың мемлекеттік тілде жұмыс істеуіне жақсы жағдай жасаумен қатар, мемлекеттік тілде іс жүргізуді де жүйелі қалыптастыру керек. Сонда ғана ана тіліміз өсіп-өркендеп, үлкен мәртебеге ие болады, қазіргі әлемде кең қолданыста жүрген тілдермен терезесі теңеледі.
Р.БОЛАТҚАН,
Алматы гарнизоны Әскери сотының судьясы