Қазақ тілі – сан ғасырлық тарихы бар, ғылым саласында қолданымдық әлеуеті орасан зор тіл. Ішкі заңдылықтары тұрақталған, жүйеленген, сөздік қоры мол, кемелденген өміршең тіл. Иә, ана тіліміздің тарихында тоқырау кезеңдер болғаны рас… Бірақ ана тіліміз Тәуелсіздік алғалы бері өз тұғырына қайта көтеріліп, тіпті жаңаша жаңғырып келеді. Бұл – әдеби және мәдени мұраларды насихаттаудың арқасы, қазақ тілін ғылыми тұрғыдан терең зерттеудің арқасы, мемлекеттік қолдаудың арқасы, ең бастысы – ана тілін құрметтеген халқының арқасы.
Қазақ тіл білімінің ғылыми негізін қалаған бірегей ғалым Ахмет Байтұрсынұлының табандап күресуі мен еңбегі ана тіліміздің тұтастығын сақтауға тірек болды. Ғалымның ізін жалғастырған тілші ғалымдар Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында лингвистикалық зерттеу ұясын қалыптастырды. Қ.Жұбанов, І.Кеңесбаев, Н.Сауранбаев, С.Аманжолов, А.Ысқақов, Ғ.Бегалиев, М.Балақаев, Ғ.Мұсабаев, Ы.Маманов, М.Серғалиев, Қ.Өмірәлиев, С.Омарбеков, Ә.Болғанбаев, Қ.Есенов, Ғ.Айдаров, С.Исаев, М.Томанов, Ә.Әбдірахманов, Ж.Аралбаев, Қ.Бектаев, И.Ұйықбаев және т.б. ғалымдар қазақ тілінің заңдылықтарын шыңдауға, тұрақтандыруға елеулі үлес қосты. Тәуелсіздік тұсында сара жолды жалғастырған ізбасар ғалымдар Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Ш.Сарыбаев, Е.Жанпейісов, О.Нақысбеков, Т.Жанұзақов, Б.Әбілқасымов, А.Жұбанов, Ә.Жүнісбек, Ө.Айтбайұлы, Н.Уәли, К.Құсайын, Ж.Манкеева, З.Базарбаева, А.Алдашева, Е.Қажыбек, М.Малбақов, Қ.Рысберген, Б.Момынова, Р.Шойбеков және т.б. ғалымдар қазақ тілінің өміршеңдігін танытуда ерекше еңбек сіңіріп келеді. Институтта тілдің барлық жүйесі (дыбыс, мағына, сөз құрылымы) жеке-жеке сала ретінде зерттелуде. Тілші ғалымдар әрбір салаға мамандана бастады, соның негізінде бірнеше бөлімдер ашылды. Қазақ тіл білімінің кемеңгер ғалымдары салған сара жол жалғасып келеді. Институттың мақсаты да өзгермеген, сонау А.Байтұрсынұлының ілімін ту ғып ұстап келеді. Яғни кемел тілдің ұлттық құндылығын сақтау, кемел тілдің келешегін ойлау мүддесі сабақтастық тауып келеді. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты – қазақ тілінің қорын сақтаушы әрі оны болашақ ұрпаққа табыстаушы қазыналы академиялық мекеме. Қазақтың әрбір сөзінің мағынасын, құрылымын, сөйлемдегі жүйесі мен орнын бақылап отыратын ғылыми орта. Қазіргі таңда Институт қазақ тілінің дыбыс жүйесіндегі, сөз жүйесіндегі, сөйлем жүйесіндегі құрылымын, мағыналық динамикасын (тарылу, кеңею, жұтылуы, жойылуы, жаңғыруы), сөйленістің прагматикалық әлеуетін, сөздің құдіретін, қазақ сөзінің жанға әсер ететін бейнелі күшін, қазақ сөзінің ұлттанытушылық және ұлттұтастырушылық қызметін, қазақ сөзінің бойындағы мәдени құндылықтардың танылуын, қазақ сөзінің терминжасамдық қуатын, қазақ сөзінің дұрыс жазылу және айтылу заңдылықтарындағы динамикалы өзгерістердің қағидаттарын, қазақтың әрбір сөзінің шығу тарихын, этимологиясын, қазақтың сөйлеу әдебі мен мәдениетін, қазақ сөзінің әдеби және бейәдеби даму қарқынын, қазақтың әрбір дыбысы мен сөзінің қолданымдық жиілігін, көркем сөздің жиілігін (ақын-жазушылар тілінің жиілігін), қазақ әліпбиінің тарихы мен ұлттық болмысын арнайы зерттеп келеді. Сондай-ақ қазақтың әрбір сөзінің сөздік қорда тіркелуін және көпшілікке таныстырылуын қамтамасыз ету ісімен айналысып келеді. Әлемдік тіл білімін зерттеу әдістерін тану, сондай-ақ кемелденген қазақ тілінің қасиеті мен құдіретін таныту мақсатында шетелдік (Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркіменстан, Ресей, Австрия, Польша және т.б. мемлекеттердегі) әріптес мекемелермен тәжірибе алмасып тұрады. Қоғам дамыған сайын, өркендеген сайын тілде де өзгеріс болады. Бірақ тілдің заңдылығы мен тазалығын сақтау сол тілді тұтынушы халықтың игілігінде. Осы тұста шетелдік жаңа сөздердің тілдік қолданысқа енуі тіл тазалығын сақтауда едәуір күрделі мәселе тудыруы мүмкін. Сондықтан Институт шетелдік жаңа сөздерді санаққа алып, олардың аудармасы мен баламасын дәл әрі нақты, сондай-ақ жылдам беруді көздейді. Себебі бұрмалап аударып, оны күлкілі қолданысқа салатын кереғар жағдайлар туындап жататынын жасыра алмаймыз. Осы әрекеттің алдын алу үшін және жаңалықтың жаршысы – журналистер мен баспасөз хатшыларының сөйленісі барынша таза болуы үшін тырысады. Осы тұрғыда Институт отандық әріптестерімен, яғни әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абылай хан атындағы ҚазХҚӘТУ-мен, Абай атындағы ҚазҰПУ-мен, ЕҰУ-мен, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетімен, Халықаралық түркі академиясымен, Түріксой ұйымымен, Педагогикалық ғылымдар академиясымен, Қазақстан халқы Ассамблеясымен және т.б. бірлесіп жұмыстар жасауда. Кемел тілдің шынайы болмысы оның әрбір сөзінің құндылығында жатыр. Қазақ сөзінің құдіреттілігі оның бір бойына сан алуан мағынаны сіңіруінде. Ал сөз мағыналарын сөздіктен тани аласыз. Институт ұжымы құрастырған 15 томдық қазақ әдеби тілінің сөздігін «сөз энциклопедиясы» деп атауға да болады. Әрине, аталмыш сөздікті құрастыру, біріншіден, Институттың негізін қалаған ғұлама ғалымдардың (ізбасарларының) еңбегі болса, екіншіден, Институт қабырғасында дайындалған этнолингвистикалық сөздік, фразеологиялық сөздік, көне ескіліктер сөздігі, тарихи сөздік, лингвомәдениеттанымдық сөздік, синонимдер, антонимдер, омонимдер сөздігі, бейнелі сөздер сөздігі, терминдердің түсіндірме сөздігі, перифраздар сөздігі, символдар сөздігі, қанатты сөздер сөздігі көмекші құрал болды. Тіл білімі институты ғылыми жаңалықтарын, зерттеу нәтижелерін тарату, таныстыру мақсатында «Өрлеу» біліктілікті жетілдіру орталығында және жоғары оқу орындарында лингвистикалық семинар өткізу арқылы жүзеге асырып келеді. Сондай-ақ «Оқулық» ғылыми-практикалық орталығында оқулықтарға сараптама жасау барысында лингвистикалық білімдер жүйесімен таныстырып отырады. Ендеше, Институт тіліміздің келешегі үшін ғылыми-теориялық, қолданбалы-практикалық зерттеулер жүргізу, мемлекеттік тілді дамытуға арналған іс-шаралар өткізу арқылы қолдан келгенше аянбай еңбек етіп келеді деп сеніммен айта аламыз. Кемел тілдің жарқын болашағы, ең алдымен, оны тұтынатын жұртшылықтың өзіне, тілдік саясаттың дұрыстығы мен нәтижелілігіне байланысты екені ақиқат.
Айгүл ӘМІРБЕКОВА,
филология ғылымының кандидаты.