«МЕН ӨЗІМДІ БАҚЫТТЫ АДАМ ДЕП САНАЙМЫН»

0

Қара шаңырақ – бір әулеттің тараған түп тамыры. Оны сыйлау – ұлтын сыйлаудың алғашқы баспалдағы. Кешеге дейін қара шаңырақта отырған азамат атадан жалғасқан бақ-берекенің ұйытқысы ретінде сол әулеттің қадірлі азаматы саналатын. Барлығы құрметпен қарайтын. Жиын тойда, сый дастарқан басында сол қара шаңырақ иесі жасы кіші болса да, төрден орын алатын. Айналасындағы ақсақалдардың өзі «қарағым, сен қасиетті қара шаңырақтың иесісің, жасың кіші болса да жолың үлкен, асқа батаны сен жаса», деп кішілік танытып жататын. Сондықтан, бүгінгі мақаламыз Қақпатас ауылының тұрғыны, Есқожа елінің Жыланкөз байдың тұқымы, Шәкеновтер әулетінің қара шаңырақтың отанасы Райкүл Нәдірбекова жайында болмақ.

Дәстүрлерді сақтау әрдайым оңай бола бермейді, қоршаған ортадан, туған жерінен алшақтап, адамдар біртіндеп өмір салтында жаңа әдеттерге ие бола отырып, өзіндік ерекшелігін жоғалтады. «Көненің көзі, асылдың сынығындай» болған әженің көргені де, көңілге түйгені де көп. 79 жасар көпбалалы ана Райкүл Жапарқұлқызы Шәкеновтер әулетіне келін болып түскелі 60 жылдай болып қалды. Қазіргі таңда ол осы әулеттің үлкені болып, төрде отыр.

«Бұл үй бастапқыда менің жұбайым Болат Шәкеновтің атасы Мұхамеджан атаның шаңырағы болған. Оның 2 ұлы, солардың бірі менің қайын атам, соғыста қаза тауып, ата үш немересін тәрбиелеп, 20 жасар келініне көмектесті. Менің жолдасым жалғыз ұл болғандықтан, Мұхамеджан ата Болатты осы үйде қалғанын қатты қалаған еді. Дәл солай болды. Ал Жыланкөз байдың шөбересі Құндызай Мейірманова осы ауылдың жанашыры, көмекшісі, сонымен қатар өте мейірімді, адамгершілігі мол кісі. Оның маған сый-құрмет көрсетіп, көп көңіл бөліп тұрғаны үшін алғысым шексіз», — деп бастады әңгімесін Райкүл апа.

Райкүл Нәдірбекова отбасылық тарихтың нағыз сақтаушысы, өткен мен қазіргі арасындағы көпір сияқты. Оның әңгімелері мен естеліктерінде біз адамдар мейірімді, олардың армандары мен тілектері мүлдем басқаша болатын басқа әлемді көреміз. Белгілі болғандай, мұнда 45 отбасы өте тату тұрады, олар жиі жиналып, бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсетеді. Біздің кейіпкеріміз ауыл әкімі Әсет Сапарбайға, туған ауылына деген мейірімділігі мен қамқорлығы үшін шексіз алғысын білдіруде. Райкүл Жапарқұлқызының өзі 4 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді, ал қазір үлкен ұлымен бірге тұрады. Техникумды тауартанушыға бітірген соң, ол дүкенде сатушы болып жұмыс атқарып, 45 жасында көп балалы ана ретінде зейнетке шықты.

«Мен өзімді бақытты адам деп санаймын. Әрине, қиыншылықты да көрдік, сонда да қазіргі барыма шүкіршілік етіп отырмын. Ең бастысы, біздің ауыл өте асыл, мұнда нағыз мейірімді, жақсы адамдар тұратынына қуаныштымын. Сонымен қатар, Қақпатаста барлығы маған құрмет пен ізет, қамқорлық пен көңіл бөледі», — деп бөлісті асыл әже.

Жолдасын еске ала отырып, Райкүл апа оның жақсы адам, отбасына қамқор, балажан болғанын есіне түсіруде.

«Біз Болат екеуіміз балаларымыз адал, еңбекқор, білімді, кеңпейілді жандар болып өссе екен деп армандайтынбыз. Біз үшін ол басты мақсат болатын. Менің ойымша, арманымыз орындалды», — деді кейіпкеріміз.

Осындай адамдармен сөйлескен кезде, олардың төзімділігі, өмірге деген құштарлығы, мейірімділігі таңқалдырады. Шәкеновтер әулеті сияқты қарапайым, еңбекқор отбасыларға біздің туған жеріміз бай. Бұл отбасылардың жүрегі -бәрін біріктіретін ана махаббаты, өйткені әйелдерді «отбасы ошағының қамқоршылары» деп атағаны бекер емес. Біздің әңгімеміздің басты түйіні: өмір тек пайдалы сүрген кезде ғана мағынасы бар. Біздің кейіпкеріміздің ол қолынан келді. Біз Райкүл Жапарқұлқызына тек зор денсаулық, күш-қуат тілейміз!

Мадина УЗБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.