«Мен өзімді «ерекше» жанмын деп санамаймын

0

Күнделікті күйбең тіршіліктің қамымен жүріп, көпшілігіміз бір нәрсені ұмытып кетіп жатамыз. Бұл  – қолда бар нәрсенің қадірін түсініп, бүгінгі күнімізге шүкір ету. Ал, айналамызда тағдырдың тезіне ұшыраса да, мойымай, он екі мүшесі сау адамның өзі төзе алмайтын ауыртпашылықты көтеріп жүрген жандар қаншама?! Бір қызығы, жай адамдарға қарағанда олардың жүрегінде жалын, көздерінде от ойнап тұрады.

«Өмір сынына ұшырасақ та, үміт үзуге қақымыз жоқ» деп білетін жандардың бірі – Аида Асанова. Аиданың есту қабілеті тумысынан нашар. Бала кезінен ата-анасы қанша дәрігерлердің есігін қағып, босағасын тоздырған, арнайы балабақшаға, кейіннен мамандандырылған мектепке берген. Аида өзін «ерекше» жан деп санамайды, бұл үшін ата-анасына алғысы зор. «Мен Қордайда туғаныммен балалық шағым Бішкек қаласында арнайы емханаларда ем алумен өтті. Дәрігерлер қолдарынан келгеннің бәрін жасады, алайда есту қабілетім жақсармады. Десе де өзімді ешқашан біреуден кем санаған емеспін. Бұл үшін әке-шешеме рахмет. Әрқашан маған қамқорлықтарын аямай, алақандарына салып өсірді. Ел қатарлы білім алуыма, сүйікті істеріммен айналысуыма мүмкіндік жасады. Біздің жанымыз нәзік, өкпешіл жандармыз. Ал мен ешқашан жақындарымнан көңіліме тиетін бір ауыр сөз естіген емеспін»,— дейді кейіпкеріміз.

Аида сүйіспеншілік мен татулық орнаған отбасында тәрбиеленсе де, еркелікке бой алдырмай, алғыр болып өседі. Колледжде оқып жүргенінде көлік жүргізуді үйренеді, аспаз курсынан өтеді. Түрлі бағытта өзін сынап көрген бойжеткеннің таңдауы ақыры сұлулық саласына түсті. Тырнақ әрлеудің қыр-сырын үйреніп алып, адал еңбегімен өз бетінше табыс таба бастайды. Тұрмысқа шығып, Тараз қаласына көшкеннен кейін облыс орталығында сұлулық салондарының біріне жұмысқа тұрған. Бұл салада төрт жылдық тәжірибесі бар Аида бүгінде декреттік демалыста. Екі баланың анасы декреттік демалыста өзінің бос уақытын игі іске жұмсауда. Өзі секілді есту қабілеті нашар жандарға маникюр курсын өткізеді екен. «Мен  өз бетіммен тырнақ сәндеуді үйреніп жүргенімде көп кедергілермен кездестім. Өйткені сабақтар негізінен он екі мүшесі сау қарапайым адамдарға дайындалады ғой. Өзгелер мен сияқты қиналмасын деп, арнайы бағдарламасын әзірлеп, ерекше жандарға  тырнақ әрлеу курсын аштым. Сабақ оқытуда тәжірибемнің жоқтығынан алғашында қорқыныш болғаны рас. Бірақ, барлығымыздың «илегеніміз бір терінің пұшпағы» болғандықтан, жан-жақтан құлағы нашар еститін қыз-келіншектер хабарласып, курсты оқуға ниет білдіріп жатыр»,-дейді қайсар жан.

Аиданың бойында өмірге деген құштарлық бар. Алға жылжуға деген ерекше ынта мен мықты ішкі рух бар. Және осының бәрін ол өзгелерге де үйретуде. «Мен секілді адамдар өте көп. Олардың көпшілігі әлі де өмірде өз орындарын таба алмаған. Мен осы курс арқылы тырнақ әрлеудің қыр-сырынан бөлек, осындай өзгеше аруларға біздің қолымыздан бәрі келетінін дәлелдеп, жігер беріп, ынталандырғым келеді. Оларға бойындағы ерекшелікті қабылдап,  өмірдің ағынымен қоса жүру, тіпті оза жүру қажеттігін жеткізгім келеді. Және бұл менің қолымнан келетініне сенемін»,-дейді Аида.

Біздің кейіпкеріміз дені сау бола тұра «жұмыс жоқ» дегенді желеу ететіндерге үлгі боларлық жан. Тағдырдың сынағына сынбаған, жігері жасымаған арудың қоғам игілігі үшін жасап жатқан бастамасын, зор құлшынысын байқап, көңіліміз марқайды. Оның әлі талай биікті бағындырарына сенім мол

Сәуле Мұхадинқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.