Ұлттық құндылықтарды дәріптей отырып, қазақтың төл мәдениеті мен асқақ рухын, салт-дәстүрі мен жастар бойындағы тың идеяларды насихаттау, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қағидаттары негізінде халқымыздың ізгі қасиеттерімен тәрбиелеу, ата салтымызды насихаттай отырып, нағыз қазақ жігітінің бойындағы қасиеттерді анықтау мақсатында аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Мен Алаштың ұлымын» атты аудандық «Жігіт сұлтаны» байқауы өтті.
Жігіттің ептілік әрекетін, икемді ойлау шеберлігін, әр түрлі жағдайлардан шыға білу тапқырлығын, көркемдік өнерін, сахна мәдениетін дамытуға негізделген байқауға әр ауылдан барлығы 10 үміткер қатысты. Сайыс барысында жігіттеріміз гір көтеру, қолөнер, көрерменді таңқалдыратын ерекше қабілеттерін көрсету арқылы сынға түсті. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені халқының салт-дәстүрін құрметтейтін, елін қадірлейтін нағыз қазақ жігітінің қасиеттерін бойына сіңірген жамбылдық Т.Сәрсенбаев иеленді. Ал 1-орынды Жамбыл ауылынан Қ.Бақытов, 2- орындарды Отар ауылынан Е.Төленбаев, Қарасай ауылынан Е.Сапиев, 3- орындарды Ноғайбай ауылшаруашылық колледжінің білімгері М.Атембек, Әлжан ана ауылынан Б.Султаналиев, Кенен ауылынан Т.Тынышбек иеленді. Сондай-ақ, Өтеген ауылынан Ж.Дінәсіл «Сегіз қырлы, бір сырлы» номинациясымен, №7 Бетқайнар колледжінің білімгерлері Р.Гумбетов «Парасатты жігіт», Н.Нұрмұрат «Жігіттің қыраны» номинациясымен марапатталып, сыйлықтар табыс етілді . Намыстың туын жықпайтын, өршіл рухты, батыл, тапқыр, білікті де білімді әрі парасат пайымы биік жігіттеріміз жасай берсін.