Осы жылдан бастап Қазақстанда маусымның үшінші жексенбісіне сәйкес келетін халықаралық Әкелер күні мерекесі атап өтіледі. Әкелер күні-бұл әлемнің әртүрлі елдерінде әкелердің отбасы мен қоғамдағы рөлін құрметтеу үшін атап өтілетін мереке. Ол әкелерге деген ризашылығы мен сүйіспеншілігін білдіруге және олардың балалардың өміріне қосқан үлесін атап өтуге арналған. Әкелер күні сонымен қатар әкелердің балаларды тәрбиелеу мен дамытудағы рөлінің маңыздылығы туралы ойланатын уақыт. Бұл мереке отбасылық байланыстарды нығайтуға және Әкелер мен олардың балалары арасында ерекше байланыс орнатуға ықпал етеді.
«ӨЗІҢДЕЙ ҚАМҚОР АДАМ ҚАЙДА МАҒАН…»
Бізде жалғызбасты ана деген ұғым бар, бірақ жалғызбасты әке сияқты мәртебе әдетте назардан тыс қалады. Сондықтан біз екі батыр әке Бейқұт Алтаевпен және Сергей Лихачевпен кездесіп, сұхбат алуды жөн көрдік.
57 жастағы Бейқұт Төлегенұлы сегіз жылдан бері жалғызбасты әке. Жұбайы өкінішке орай, 2016 жылы дүниеден озыпты. Біздің кейіпкеріміз сол кезде бірінші сыныпты бітірген кішкентай ұлы Арманмен жалғыз қалды. Анасының дүниеден озуы Арманның денсаулығына қатты әсер етіп, жүйке жүйесіне зақым келтірген. Бейқұт Алтаев тағдыр жазуымен кеш үйленген. Ал, өмірінің мәніне айналған ұлы 40 жасында дүниеге келіпті. Қайғылы жағдайға дейін ол бақытты шаңырақтың отағасы, сүйікті жар, қамқор әке еді…
Бірақ, 2016 жылы өмір күрт өзгерді. Бейқұт сүйікті жарынан, сегіз жасар ұлы анасынан айырылды. Өлгеннің артынан өлмек жоқ, ары қарай тырмысу, өмір сүру, жас баланы жеткізу сынды өмірідң қатаң талабы алдында тұрды. «Әрине, мен мұндай жағдай менің өмірімде болады деп ойлаған да, күткен де емеспін. Бірақ адам бәріне бейімделіп, төзімді бола алады екен. Менің қайғыруға уақытым болмады, ұлым туралы ойлау керек болды. Бәрін түсінетін кішкентай балаға анасынан айырылу – үлкен қайғы. Басқа түскен қиындықтан өту үшін бар әкелік махаббатыммен, жан тәніммен қолдау көрсетіп, көмек беруім қажет болды. Енді, міне сегіз жылдан бері сол әкелік міндетімді абыроймен атқарып келе жатырмын. Анасы бақилық болғалы, баламның денсаулығы да сыр берді. Мен онымен де күресуге көмектесемін, — деп бөлісті батыр әке.
Б. Алтаев ұлына деген қамқорлығы ешқашанда азаймаған. Ол оған тамақ дайындап беріп, үй тапсырмасын орындауға көмектесіп, бос уақытын бірге өткізуге тырысады. Біздің кейіпкеріміз барлық қиындықтарға қарамастан, ұлымен бірге ары қарай өмір жалғастыруға, оған қамқор болуға барын салмақ. Бейқұт Төлегенұлы 5 жылдан бері қоғамдық жұмысшы болып жұмыс атқарады, кейде шөп шабу, қоқыстарды жинау, аулаларды тазалау сияқты жұмыстармен қосымша айналысады. Бір сөзбен айтқанда, еңбек демалысында немесе демалыс күндерінде де бос отырмайды.
Қазіргі таңда Арман Алтаев 17 келген жігіт. Ноғайбай ауылындағы Қордай ауылшаруашылық колледжінің бірінші курс студенті, «Электрик» мамандығы бойынша білім алып жүр, жақсы оқығаны үшін шәкіртақысы да бар.
«Арман өзінің алғашқы шәкіртақысын алған сәтте, маған жүгіріп келіп, жайнаған көзімен, «әке, жүр мен саған киім алып берейін» деп, базарға қарай сүйреді. Мен, сол кезде баламның қаншалықты маған риза екенін, мені бағалағанын байқадым, — деп Бейқұт аға өз қуанышымен бөлісуде.
Біздің кеіпкеріміз бен оның ұлының өмірінде осыдан бір жыл бұрын тағы бір қуанышты жағдай орын алды. Ұзақ жылдан бері тұрғын үйге тұрған кезегі келіп, жаңадан салынған көпқабатты үйлерден екі бөлмелі пәтер берілді. Құжат мәселесі бітпесе де, баспаналы болғандарына қуанған Бейқұт Төлегенұлы мен Арман қазір жаңа қоныста.
Тілшілер келерде үй иесі керемет дастархан жайып, құшағын жая қарсы алды. Босағадан аттай салып, таңданғанымыз, үйінің іші тап-таза, жайлы, тамақтың хош иісі аңқып тұр. Бұл пәтерде екі ер адам тұрып жатыр деп айтпайсың. Өмірдің қиыншылықтарын жеңе білген деп осыны айту керек. Жақын арада Бейқұт ағамыз қонақ шақырып, азық-түлігін алып қойып, баласының туған күнін атағалы жатыр екен. «Арман – өмірімнің мәні болған соң, одан ештеңе аямаймын. Оның бақытты болуына бар жанымды салып, үлесімді қосамын, — дейді қамқор әке.
АРҚАЛАҒАН БІР ҮЙДІҢ ТӘМАМ ЖҮГІН
Үлкен Сұлутөр ауылының 40 жасар тұрғыны Сергей Лихачев үш ұлын жалғыз бағып отырған жан. Осыдан 3 жыл бұрын әйелі отбасын тастап, басқа қалаға кетіп қалған, қазір мүлдем хабар алыспайтын болған. 14 жасар Вадим, 10 жасар Ярослав және 8 жасар Ростислав аналарын іздемейді, сағынбайды дегенге сену қиын, бірақ, тағдыр солай. Сергей Владимировичтің қарындасы Екатерина өз отбасы болса да, жиендерін бауырына басып, туған балаларындай көреді екен. Балалар да әпкелеріне әбден үйреніп, жоқ болса іздеп тұрады. Сергей Лихачевтың өзі үш ұлын асырау үшін таң атып, кешке күн батқанша механизатор болып жұмыс атқарып, күндерін осылайша көріп отыр.
«Балалар тіл алғыш, мейірімді, ақылды жандар болып өсіп келе жатыр. Аналарын іздемейді де, сұрамайды да. Мен оларды мүмкіндігінше барлығымен қамтамасыз етуге тырысамын, қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Сондықтан, ертеңнен кешке дейін жұмыс істейуге мәжбүрмін. Ал қарындасым өзінің балаларымен қатар менің ұлдарыма да қамқор болып, бар мейірімін төгіп отыр, — дейді Сергей Владимирович.
Үш бала да ауылдағы №39 Манаш Қозыбаев атындағы орта мектепте қазақша білім алып жүр. Ең кіші ұлы Ростислав қазақ тілінде өлең мен тақпақтарды жаңылмай айтып береді. Ал үлкен баласы Вадим, өкінішке орай ерекше бала болғандықтан, үйде оқиды.
Айта кету керек, ауыл тұрғындары Сергей Владимировичті еңбекқор және адал адам ретінде біледі. Ол әрдайым жұмыста, бос отырмауға тырысады және ұлдарын да еңбекқорлыққа үйретіп, жақсы тәрбие беруде. Шынында да, оның түсінігі бойынша ер адам бәрін жасай білуі керек, отбасын қамтамасыз етуі керек және тек өзіне сенгені жөн. Сергей осындай жағдай үшін еш уайымдамайды, оған уақыт жоқ дейді. Балаларды лайықты, еңбекқор және нағыз жігіт қылып өсіру үшін бар жаны мен тәнін салып тәрбиелеу керек.
Мадина УЗБЕКОВА