«Еңбек — ердің көркі, Ер — елдің көркі», дейді халқымыз. Еңбек қана адамның мерейін асырып, беделін көтере алады. Осы, ретте жалынды жастық шағын қызу бейнетке арнаған еңбек ардагерін әңгімеге арқау етпекпіз.
Адал еңбегімен, маңдай терімен, ел ішіндегі еңбекті қара қолдың күшімен жасайтын жандарды еңбек адамы деп айтамыз. Ал мұндай кісілерді көбіне қаладағы қарбаластан емес, ауылдағы ағайынның ішінен таба аласыз. Уақыт ағымына сай, бүгінде зейнеткерлік демалысындағы Сарыбұлақ ауылының тұрғыны Владимир Кравцовтың жүріп өткен еңбек жолы, кейінгі жастарға үлгі-өнеге деуге тұрарлық. Кейіпкеріміз 1947 жылы Ырғайты ауылында дүниеге келген. Содан, он бір жылдық ауыл мектебін тәмамдаған Владимир Гаврилович 1966-1969 жылдар аралығында Кеңес одағы тұсында мерзімді әскер қатарына шақыртылып, азаматтық борышын атқарып келеді. Ол кезде қазіргідей жоғары оқу орнына бірден түсіп кету сирек онымен қоса жоқтың қасы. Азаматтық борышын абыроймен өтеп келген жылы кәсіп игеруді ұйғарып, Красногор аудандық училищесіне қабылданып, 1972 жылы «техник-механик» мамандығын алып шығады. Сол жылы, отбасын құруға қамданып, балалықтан асыр салып бірге өскен танысы, қатарласы Людмила есімді арумен отауласады. Әр адамның өмірде өз жолы бар. Соған қарай тұлғасы қалыптасып, бейнесі бекемделе түседі. Адамды өсіретін де, өшіретін де оның істеген ісі. Адал еңбекпен табысқа жеткен жанның әркез мерейі үстем, еңсесі биік болмақ.
«Еңбек жолымды 1972 жылы Сарыбұлақ ауылында трактор жүргізушісі болып бастадым. Бұдан соң, екі жыл уақыт өткен соң, қызметім механик лауазымына, одан ара-тұра 1974 жылы аудандық Кәсіподақ комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалдым. Үш жылдай уақыт жұмыс атқарып, орнымды босаттым. Дегенмен, сол жылы аталған лауазымға кері шақыртылып, он жылға жуық өзіме жүктелген міндеттерді атқардым. 1984-1987 жылдары қазіргі Қақпатас ауылында Селсоветтің төрағасы болып жұмыс істедім. Сан түрлі салада қызмет тізгінін ұстап, 2010 жылы зейнет демалысына шықтым. Бүгінде жарым Людмила екеуіміз екі баладан, бес немере сүйіп ата-әже атанып отырған жайымыз бар», — дейді кейіпкеріміз. Болашақ ұрпағынан тек жақсылық күткен Владимир Гаврилович талай жылдарға шегініс жасап, өткенін еске алып баяндап берді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қарапайым еңбек адамына деген құрметті арттырып, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасау қажет» – деп атап өтуі өте орынды. «Еңбек адамды қашан да бақытқа бөлейді», деген сөз бекер емес. Адал еңбегінің арқасында ел құрметіне бөленсе, сол адамның өмірі ғибрат деуге болады. Иә, адам өз несібесін еңбектен ғана табады. Әрбір еңбек адамына сый-құрметпен қарап, тәлім-өнеге сіңіруіміз парыз!
Әділет ҚҰТТЫБАЙ