Құрметті жерлестер!
Баршаңызды еліміздің ең басты мерекелерінің бірі – Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мемлекетіміздің басты төл құжаты қабылданып, тарихи таңдау жасалған күн. Бүгінде Ата Заң бостандық пен тәуелсiздiктiң кепiлi, еліміздің әлеуметтiк-экономикалық дамуының негiзiне айналып отырған құнды құжат. Ата Заңның қағидаттарына сүйене отырып, еліміз тұрақты даму жолына түсіп, халықтың әл-ауқаты жақсарып келеді. Бүгінде тұрақтылықтың кепілі болған Ата Заңымызға 25 жыл толып отыр.
Елдегі оңды саясаттың арқасында 130-дан астам ұлт өкілдерінің конституциялық құқықтары сақталып, азаматтардың өз тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін үйренуге және насихаттауға барлық мүмкіндіктер жасалған. Соның арқасында қоғамдағы ұлтаралық және конфессияаралық татулық пен келісімге қол жеткіздік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты жолдауында: «Тағы да атап өтемін. Конституция бойынша біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан мемлекетіміз азаматтар алдындағы міндеттерін орындауы тиіс», — деп нақты айтқан болатын. Бүгінде сол тапсырмалардың жемісті іске асуының куәсі болудамыз.
Осындай бірлігі мен ынтымағы жарасқан еліміз бүгінде құқықтық мемлекет орнатып, әлемнің өркениетті елдерімен жан-жақты экономикалық-саяси тең дәрежеде қарым-қатынас орнатып келеді. Нәтижесінде соңғы жылдары еліміз жаңа жетістіктерге жетіп, экономикамыз алға басып, әлеуметіміз де әлденіп, қоғамымыздың дамуы қарқын алды. Егемендігіміз баянды, тәуелсіздігі табанды мемлекетке айналдық. Өзге аймақтармен қатар біздің Қордай ауданы да тұрақты даму үстінде, тұрғындардың тұрмыс жағдайы жақсарып, жыл сайын әлеуметтік бағдарламаларға – денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет пен спорт салаларына бөлінетін қаржы көлемі ұлғайып келеді. Әсіресе, биылғы жыл аудамыз үшін өте табысты жылға айналып, көптеген құрылыс алаңдарында жұмыс қызып, ел игілігіне берілетін нысандар саны артуда. Осының барлығы Тәуелсіздігіміздің тірегі болған Ата Заңымыздың іс жүзінде іске асуының арқасы.
Құрметті жерлестер!
Аудан әкімі Р.Дәулет