Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Шайдоровты Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы атануымен құттықтады.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президент спортшының отандық спорт тарихында мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш рет алтын медаль жеңіп алуын тарихи маңызы зор жетістік ретінде бағалады.
Мемлекет басшысы Михаил Шайдоровқа жоғары шеберлігі мен жеңіске деген жігері үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ, спорт жанкүйерлері мен ел азаматтарының бұл жетістікті мақтан тұтатынын атап өтті.
Президент шешімімен Михаил Шайдоров II дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталады. Сонымен қатар жаттықтырушыларға және тиісті министрлікке атқарған жұмысы үшін ризашылық білдірілді.
Айта кетейік, Михаил Шайдоров 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындары чемпионы атанды. Осы жетістік нәтижесінде Қазақстан Әнұраны қысқы Олимпиада төрінде 32 жылдан кейін қайта шырқалды.
Шайдоров – әлемде алғаш рет үштік аксель мен төрттік тулупты, сондай-ақ үштік аксель мен төрттік сальховты ойлер арқылы каскадта орындаған спортшы. Бұл техникалық батылдық оған мойындалған шеберлерді басып озуға мүмкіндік берді.
Бұған дейін әлем чемпионатында күміс жүлде алған қазақстандықтар қатарында 2013 жылы Денис Тен, 2019 жылы Элизабет Турсынбаева болған еді. Сонымен қатар 2014 жылы Сочи Олимпиадасында Денис Тен қола жүлдені олжалаған еді. Ал Михаил ел қоржынына үшінші әлемдік күмісті және тұңғыш олимпиадалық алтынды салды.