МІНДЕТ АНЫҚ, МЕЖЕ АЙҚЫН

0

2023 жылғы 26 сәуірде Қазақстан Республикасының Президентінің өкімімен ауыл шаруашылығы саласында жаңа реформаларды қолға алу қажет екендігі туралы шешім қабылданды. Осыдан соң, 2023 жылдың 29 желтоқсандағы Үкіметтің № 1248 қаулысы қабылданып, аграрлық сектордағы статистикалық мәліметтерді жаңарту міндеті қойылды.

Осы қаулы аясында, 2025 жылдың 1 тамызы мен 20 қазаны аралығында елімізде ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өткізіледі. Бұл санақ жүруі – ауыл шаруашылығының одан әрі дамуына, сондай-ақ ауылдық жерлердегі тұрғындардың игілігі үшін қажетті мәліметтерді жинауға бағытталған маңызды іс-шара.

Ауыл шаруашылығын тиімді дамыту мен оның табыстылығын арттыру үшін, алдымен аграрлық сектордың нақты цифрлық статистикалық дерекқорын қалыптастыру қажет. Осы мәселенің төңірегінде сәрсенбі күні аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаевтың төрағалығымен жиын өткізілді. Аталған жиынға аудандық бөлімдер мен мекемелер, сонымен қатар ауылдық округ әкімдері қатысып, әрқайсысы тиісті округіндегі ауыл шаруашылығы мәселелерін ортаға салды.

Санақтың негізгі мақсаты — ауыл шаруашылығы саласының қазіргі шынайы жағдайын бағалау, сонымен қатар, оның даму әлеуетін анықтауға мүмкіндік беретін нақты мәліметтер алу. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласы еліміздің экономикалық тұрақтылығының негізі болып табылатыны сөзсіз. Санақ нәтижелері еліміздегі аграрлық саясат пен стратегиялық жоспарлауда, ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалардың нақты шараларын жүзеге асыруда шешуші рөл атқарады. Статистикалық мәліметтер жиналғаннан кейін, олар ауыл тұрғындарының өмір сапасын көтеруге, ауыл шаруашылығы өндірісін тиімді пайдалану мүмкіндіктерін анықтауға және ауыл шаруашылығы құрылымдарының өнімділігін арттыру жолдарын іздеуге негіз болады.

Бұл шараның аясында жинақталған ақпараттар аграрлық секторда әрекет ететін жеке кәсіпкерлер мен ұйымдарға да пайдалы болады. Ауыл шаруашылығының мықты дамуы үшін барлық деңгейдегі әкімдер мен жергілікті тұрғындардың бірігіп күш салуы маңызды.

Ауыл шаруашылығын дамыту – бұл жалпы қоғамның мүддесі. Сондықтан, санақты жүргізу – елдің болашағына бағытталған бірегей қадам.

Әділет САТЫШЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.