«Музей қонаққа өзі келеді»

0

 

Жас ұрпаққа туған жердің тұғырлы тарихы жайлы мәлімет беріп, халқымыздың ұлттық құндылықтарын насихаттауда тарихи-өлкетану музейлерінің ықпалы мол. Әсіресе, жазғы демалыста мәдени орынға келушілердің саны артады. Аудандық музей қызметкерлері әр келген қонақты қуана қарсы алумен қатар, өздері де елді мекендерді аралап, ауыл балаларына  ұлттық жәдігерлер көрмесін ұйымдастырып тұрады.

 

Мәселен, жұма күні Отар ауылындағы «Ләйсан» балабақшасының тәрбиеленушілеріне «Музей қонаққа өзі келеді» атты көшпелі көрме өткізілді. Көрмеде қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрі мен тұрмысын танытатын бірегей жәдігерлер ұсынылды. Атап айтқанда, қыз-келіншектердің әшекей бұйымдары, ер-азаматтар қолданатын құрал-жабдықтар, ат әбзелдері, киіз үйдің жабдықтары мен түрлі тәсілмен жасалған қолөнер бұйымдары және т.б. жәдігерлер. Көрмеде ұсынылған бұйымдар балалардың төл тарихымызбен жақынырақ танысуына мүмкіндік берді. Сонымен қатар бүлдіршіндерге халқымыздың қайнар көзі – қазақтың ұлттық бұйымдары туралы түсінік бере отырып, олардың шығу, жасалу, қолданылу тарихы мен маңызы туралы мәліметтер берілді. Көрмені тамашалаған бүлдіршіндер құнды жәдігерлерді өз көздерімен көріп, қолдарымен ұстап, қызығушылықтарын танытты.

Ал бейсенбі күні Отар ауылында орналасқан Кебекбай шешен ескерткішіне «Киелі Қордайым» атты экскурсия ұйымдастырылды. Экскурсияға Отар ауылындағы «Нұр» балабақшасының «Нұрай» ересек тобының тәрбиеленушілері қатысты. Шара барысында бүлдіршіндерге Кебекбай шешеннің ескерткіші көрсетіліп, әділ билігі, сөзге шешендігімен халық арасында зор құрметке ие болғандығы туралы көптеген мағлұматтар айтылды. Ескерткішке барған бүлдіршіндер Кебекбай шешен туралы қызықты деректер тыңдап, үлкен әсер алып қайтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.