Қордай ауданына белгілі дінтанушы, теолог, қалың көпшілікке әлеуметтік желі арқылы танылып жүрген Нұрлан Байжігітұлы келіп, Қаракемер, Масаншы, Сортөбе және Қордай ауылында жастармен, ауыл тұрғындарымен кездесті.
Әр кездесуде Нұрлан имам қоғамдағы орын алып жататын түйткілді мәселелерге тоқталып, діннің адам өміріндегі орны жайлы кеңінен насихат айтты. Өз сөзінде ол адамдардың қарызға белшесінен батып жатқаны, шүкіршілік мәселесі, рухани тәрбие, білім алу, кәсіппен айналысу, дінді дұрыс ұстану секілді мәселелерді түсіндіріп шықты. Сонымен қатар, отбасыдағы жиі кездесіп тұратын проблемалар, шынайы құлшылықтың мәнін де баяндап берді.
Жиында жастарға ата-ананы құрметтеу жайлы шариғат талабына сай діни тұрғыда ақыл-кеңестер айтылды. Имам ислам дінінің жастарымызды мүлтіксіз тәрбиеге апаратын, ізгі амалдарға жетелейтін асыл қазына екендігін түсіндірді. Дін мен дәстүрдің сабақтастығы саналы әрі тәрбиелі ұрпақ қалыптастыруда ерекше рөлге ие болатынын жеткізді.
Іс-шара соңында Нұрлан имам жастарды толғандырған сұрақтарына жауап беріп, емін-еркін сұхбат құрды. Өз кезегінде кездесуге келген көпшілік ризашылықтарын білдіріп, белгілі дінтанушымен суретке түсті.