Облыс әкіміне 99205 әскери бөлімінің командирі Әлжан Хамзин әскери жиынның қорытындылары туралы баяндады.
Айта кетейік, тексеру жиыны барысында, әскери міндеттілер бір апта көлемінде, әскери дайындық сабақтарынан өтіп, арнайы тактикалық оқу жаттығуда аумақтық қорғаныс бөлімшелеріне тапсырылған нысандарды күзету және қорғау, қарсыластың диверсиялық-барлау топтарымен күресті ұйымдастыру бойынша дайындықтарын жетілдіріп, тәжірибе алмасты.
Аймақ басшысы Гвардейск гарнизонына қарасты «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының «Мәтібұлақ» оқу-жаттығу полигонында әскери қару-жарақтардың және жас сарбаздар мен әскери міндеттілердің дайындық нәтижелерімен танысты.
Сондай-ақ, «Қордай-2023» тексеру жиынының әскери міндеттілермен өткізілген арнайы тактикалық оқу-жаттығуларын көрді.
— Мемлекет аумақтық қорғаныс әскерлерінің дайындығы мен материалдық-техникалық жабдықтармен толығымен қамтамасыз ету мәселелерін басты назарда ұстауда. Бұл бағыттағы жұмыстар облыста да жоспарлы түрде атқарылуда. Облыстық бюджеттен аумақтық қорғаныс бригадасының материалдық-техникалық құралдарын сатып алуға және оқу-жаттығуларды өткізуге 2023 жылы 502 миллион теңге қаралды. Өткен жылы бұл қаржы 120 млн. теңгені құраған.
Еліміздің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету — бүкілхалықтық іс. Ол үшін жастардың бойында өз еліне деген патриоттық сезім, Отанына деген сүйіспеншілік, еліміздің қауіпсіздігі мен қарқынды дамуына деген жауапкершілікті сезіну секілді қасиеттерді қалыптастыра отырып, бұл жұмыстарды әрі-қарай жандандыруымыз қажет, — деді Нұржан Нұржігітов.
Облыс әкімі еліміздің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету — бүкілхалықтық іс және ол үшін жастардың бойында өз еліне деген патриоттық сезім, Отанына деген сүйіспеншілік, еліміздің қауіпсіздігі мен қарқынды дамуына деген жауапкершілікті сезіну секілді қасиеттерді қалыптастыра отырып, бұл жұмыстарды әрі-қарай жандандыруымыз қажеттілігін жеткізді.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерінің қолбасшысы Мереке Көшекбаев та оқу-жаттығудың маңыздылығын атап өтіп, одан сәтті өткен әскери жиынға қатысушыларды құттықтады.
Бұдан соң, тексеру жиынына атсалысқан бірқатар азаматар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Нұржан Нұржігітов полигонның байланыс торабы, жатын орны, медициналық пункті мен асханасының жай-күйімен танысты.
Аймақ басшысы аумақтық қорғаныс бөлімшерінің жағдайын жақсарта түсу бойынша жауаптыларға ұсыныстар беруді тапсырды.
Айта кету керек, дәл осындай жиын үстіміздегі жылдың сәуір айында Жуалы ауданының аумақтық қорғаныс бөлімшелерімен жоғарғы деңгейде өткізілген болатын.
Алдағы уақытта да мұндай шаралар жалғасады.
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің Қордай ауданындағы жұмыс сапары Қордай ауылындағы халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратын аралаумен жалғасты.
Айта кетейік, 2007 жылы ашылған бұрынғы орталық біршама тар болып, кейінгі кездері тұрғындар сұранысын толық қанағаттандыра алмаған.
Соған сәйкес, өткен жылы құрылысы басталған орталықтың жаңа ғимараты жақында ғана пайдалануға берілген.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Басқарма төрағасы Сүйеніш Әбілдин мекеменің жұмысын баяндап, бөлімдерімен таныстырып, облыс басшылығына жан-жақты қолдауы үшін ризашылығын жеткізді.
Жаңа әрі кең ғимарат 5 қызмет көрсету секторына, атап айтқанда жылдамдық, әлеуметтік қызмет, жайлылық, байланыс және өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарына бөлінген. Барлық сектор қажетті жабдықтармен қамтылған.
Мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға сапалы мемлекеттік қызмет көрсету үшін тиісті жағдайлар жасалған.
Жаңа цифрлық кеңсе күніне 1500-ге дейін адам қабылдай алады.
Облыс әкімі халыққа сапалы қызмет көрсету, жалпы тұрғындар тілегіне құлақ асу, лайықты жағдай жасау- басты міндет екендігін атап өтіп, ол үшін елімізде барлық мүмкіндіктер қарастырылып жатқанын жеткізді.
Сондай-ақ, аймақ басшысы ендігі кезекте бөлім қызметкерлері де тұрғындарға сапалы әрі жылдам қызмет көрсетуге барынша күш салуы тиіс екендігін баса айтты.
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Қордай ауданындағы жұмыс сапары барысында Сарыбұлақ-Қайнар ауылдарындағы суармалы су мәселесін шешу мақсатында Шу өзенінен тартылған арнаны көрді.
Ұзындығы 1,7 шақырымды құрайтын канал арқылы алты шаруа қожалықтың 1000 гектардан астам алқабы сумен қамтылмақ.
Келесі кезекте облыс әкімі Қайнар ауылы аумағындағы 3800 га суармалы алқапты сумен қамтуды ұлғайту үшін қысымды су құбырын салу жобасымен танысты.
Құны 2 855,3 млн. теңгені құрайтын жоба аясында 3 сусорғы салынып, 8 шақырымдық құбыр тарту көзделген.
Сусорғы станциясының жылдық қуаты — 5 млн. текше метр. Республикалық және облыстық бюджеттен қаржыландырылатын жобаны мердігер «Таразстрой-2004» ЖШС жүргізеді. Жұмыс 5 айда аяқталады деп жоспарлануда.
Облыс әкімі жобаның Қайнар ауылындағы шаруаларға қажетті су көлемін жеткізудегі маңыздылығына тоқталып, мердігерге тиісті жұмыстар сапалы орындалу керектігін тапсырды.
Сондай-ақ, Ырғайты, Қалғұтты су қоймаларын салу арқылы алдағы жылдары Қордай ауданындағы суармалы су тапшылығы мәселесі айтарлықтай оң шешімін табады деп күтілуде.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі