Қордай ауданының шығысында орналасқан Сортөбе ауылдық округінің тұрғындары диқаншылықты кәсіп ететіні белгілі. Ерте көктемнен қолына кетпенін ұстап егістіктен шықпайтын дүнген ағайындар бұл жылы да ауа райының қолайсыздығына қарамастан мол өнімнен дәмелі. Бүгін мұнда жиын-терін жұмыстары басталып, округтегі 532 гектардан 710 тонна арпа, 807 гектардан 14526 тонна картоп, 302 гектардан 3624 тонна сарымсақ жиналған.
Жалпы, сортөбедегі шаруалардың басым бөлігі көкөніс егетіні белгілі. Дегенмен, соңғы жылдары балық шаруашылығы мен бағбаншылықты игергендері жоқ емес. Мұндағы бақ егіп, оны күтумен айналысатын шаруа қожалықтарының бірі – «Мавшан» ШҚ. Агроқұрылымның іргесін 1998 жылы Дый Мавшан қалаған. Өмір бойы ауыл шаруашылығы саласында жүрген ол еңбек жолын 1974 жылы «Коммунистический» колхозында жүргізуші-суғарушы болып бастады. Ал, Алматыдағы қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университетін аяқтағаннан кейін ол колхозда механик, инженер болып жұмыс істеді. Колхоз-совхоздар ыдырағаннан соң өзінің шаруашылығын ұйымдастырып, көкөніс, картоп және дәнді дақылдар егіп, ісін бастады. Оның арманы егістік көлемін ұлғайту болды, алайда округте егістікке жарамды бос жер жоқтың қасы еді. Сол себепті ауылдың сыртынан ел аузында «тастақ» деп аталатын жерден 20 гектар жер телімін алды.
«Бастапқыда бұл жер тасқа толы болды. Сондықтан ең бірінші бұл жерді тастан тазартып, ауыл шаруашылығы саласындағы мол тәжірибем мен білімім мені бақ егуге итермеледі. Осылайша Меркі тәлімбағынан «Старкримсон» сұрыпты алмасының және «Лесная красавица» сұрыпты алмұртының көшеттерін алып келдім. Бұл жұмыс оңай болмады. Әрбір алтыншы көшеттің жанына бір «КамАЗ» қара топырақ төгіп, жалпы мыңнан астам жүк көлік жер кетті. Жерді өңдеу ондаған жылға созылды, бұған кеткен қаражат пен еңбекті қосыңыз. Екінші мәселе – бақты суғару болды. Қырғыз елінен келетін суармалы су бірде бар, бірде жетпей қалады. Досымның ақыл-кеңесімен бүкіл бақты айналып өтетін құбыр тарттық. Суағаратын су көлемі айтарлықтай азайып, үнемділік пайда болып, бір тәулікте бүкіл 20 гектарды суғаруға мүмкін болды», — дейді Дый Мавшан.
Бүгінде «Мавшан» шаруа қожалығын еңбек ардагерінің ұлы Закир Мавшан басқарады. Қырғыз аграрлық университетін «агроном» мамандығы бойынша аяқтаған Закир өз ісінің нағыз майталманы деуге болады. Өсімдіктерді күтіп, баптаудың қыр-сырын жетік меңгерген Закир өзін білікті басшы ретінде таныта білді.
Бүгінде шаруа қожалығының иелігінде 200 гектар жер болса, оның 130 гектары суармалы. Жиырма гектар бағынан бөлек егістіктерде көкөніс, картоп және дәнді дақылдар өсірілсе, жайылымда 100 бас ірі қара бар. Сонымен қатар, қырыққа жуық ауыл шаруашылық техникасы және 1000 тонналық көкөніс сақтайтын қоймасы бар. Біз барған кезде аталмыш қоймаға салқындатқыш қондырғылар орнатылып жатыр екен.
«Техниканың барлығын біртіндеп 20 жыл бойы жинадық. Ал, өзіме ыстық көрінетіні анау тұрған ескі көк трактор. Бұл менің алғашқы техникам, әлі күнге дейін жұмыс істейді. Оны маған досым арзан бағаға сатты, тіпті сыйлады деуге де болады», — дейді Дый Мавшан күлімдеп.
«Біздің қожалықта тұрақты түрде он адам жұмыс істесе, жиын-терін науқанында қосымша жұмыс күшін тартамыз. Жұмыс бізде жыл бойы жүреді: жеміс ағаштарын бұтау, суғару, өңдеуден бастап егістіктегі және мал қорадағы бітпейтін тірліктер. Мен агроном болсам да, біліктігімді үнемі жетілдіруге тырысамын. Әр түрлі семинарларға қатысып, ауыл шаруашылығына қатысты кітаптарды оқимын. Себебі, өмір тез өзгеріп келеді, бұл сала да бір орында тұрмайды. Көш соңында қалмау керек», — дейді Закир Мавшан.
Биыл еңбеккерлер 15 гектар жердегі сарымсақты тамшылатып суғару әдісімен өсірді. Жаңа қондырғылар су үнемділігіне айтарлықтай үлесін қосты. Қазір агроқұрылымда жұмыстың қызған шағы. Барлық жұмысшылар өнімді жинауға кіріскен. Біраз уақыттан кейін алма, алмұртты да жинайды. Барлық жеміс-жидек, көкөніс қоймада сақталады.
Закирдің алға қойған мақсаты мен арманы көп. Бастысы – әкесінен қалған ата-кәсіпті абыроймен жалғастыру. Айта кетсек, кейіпкеріміз отбасында 13 ағайынды. Закирдің бауырлары да шаруа қожалығында еңбек етеді.
Еркін Қатбеков