Сәрсенбі күні Қордай аудандық орталық кітапханасындағы «Коворкинг» орталығында «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Әйелдер қанатының» кеңесшісі, Қордай аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, облыстық мәслихат депутаты Айман Ашимова аудандық іскер әйелдермен кездесу өткізді.
Жиынға партияның аудандық филиалы төрағасы Бейқұт Жамангозов, қауымдастық мүшелері қатысты. Кездесуде әйелдердің гендерлік теңдігін, елдің қоғамдық-саяси және әлеуметтік — экономикалық өміріне араласуына бағыттау мақсатында «АМАNАТ» партиясы жанынан құрылған «Әйелдер қанаты» жұмысы туралы және де ауданда кәсіпкерлікпен айналысып, жалпы әйелдер кәсіпкерлігінің дамуына серпін беруге болатын дүниелер, қолдаулар жайында әңгіме өрбіді. Кәсіпкерлікті дамыту, балаларды қорғау, мүгедек балаларға демеушілік көрсету, медициналық көмекті қажет ететін әлеуметтік топтарға қаржылық көмек көрсету мақсатында жұмыс жасайтын әйелдер қауымдастығы алдында қазір үлкен мақсаттар мен жоспарлар бар. Солар турасында көпшілікпен бөлісіп, қауымдастықтағы сапалық құрам және өзге де әлеуметтік мәселелер жайында сұрақтарды талқыға салды.
Осы күні Айман Ашимова аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Біржан Әлімбет және кеңес мүшесі Роза Қағазбаевамен бірге Қордай ауылындағы Қордай аудандық «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету» орталығына барып, қызметкерлер және сонда қызмет алушылармен жүздесті. Кездесу барысында партия жанындағы «Әйелдер қанатының» нәзік жандыларға деген қамқорлығы турасында айтып, түсініктеме берді. Сол жерде татуласуға келген отбасы мүшелерімен жекелей кездесу өткізіп, ардагерлер өз ақылын айтса, Айман Серікқызы «Әйелдер қанатының» тарапынан қолдаулар жайында мағлұмат берді.