НАҒЫЗ ЕРЛІК ПЕН ОТАНСҮЙГІШТІКТІҢ ҮЛГІСІ

0

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында біз – бейбіт күннің мұрагерлері, ұрыс даласында хабарсыз кеткен жауынгерлердің ұрпағы, елі мен жері үшін қанын төккен аталарымыздың ерлігіне тағзым етуіміз – қасиетті борышымыз. Бүгін біз сол батырлардың бірі – майдангер, еңбек ардагері Қалқанбаев Күбір туралы сөз еткелі отырмыз.

КҮБІР ҚАЛҚАНБАЕВ 1923 жылдың 1 қаңтарында Шарбақты ауылында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке ерте араласып, ел басына күн туған шақта, небәрі 19 жасында, 1942 жылы майданға аттанды. Жауынгер Күбір Қалқанбаев сұрапыл соғыстың алғы шебінде шайқасты. Ол ержүрек жауынгер ретінде 1943 жылдың желтоқсанында атқыштар бөлімшесінің командирі болып тағайындалды.

Кейіннен 76-атқыштар дивизиясының құрамында взвод командирінің орынбасары болды. 1944 жылдың наурыз айында пулемет взводының қатарына жіберіліп, жауға қарсы жан аямай шайқасты. Қалқанбаев Күбір өз пулеметшілерімен бірге Сталинград майданында, Батыс Украина жерінде ерлік көрсетіп, Германияға дейін жетті.

Сталинград түбінде екі рет жараланып, Украина майданында үшінші мәрте ауыр жарақат алды – қос аяғынан жараланған жауынгер ауыр халде госпитальге жеткізілді. Соғыс жылдарын Германияда аяқтады. Бірақ жауынгерлік сапта көрсеткен батырлығы мен қайсарлығы ел жадында қалды.

Елге оралып, еңбек майданына араласты. Ауылдың берекелі тіршілігіне үлес қосып, «Путь Ленина» колхозында шопан болып еңбек етті. Тынымсыз тірлігі мен адал еңбегі үшін ел құрметіне бөленіп, зейнеткерлікке шықты.

Өмірлік серігі – Әбіханқызы Әпиханмен бірге үлкен әулет құрды. Алты ұл мен төрт қыз тәрбиелеп, өнегелі ұрпақ өсірді. Бүгінде сол ұрпағы атасының ерлігін мақтан етеді.

Ерлігі мен еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Қалқанбаев Күбір «Маршал Жуков», «Германияны жеңгені үшін», «Тың жерді игергені үшін», «Еңбек ардагері» медалімен және екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. Бұл – ел үшін еткен еңбектің, майдандағы жанқиярлықтың дәлелі.

Күбір Қалқанбаев – аты тарихта, рухы ел жүрегінде сақталған нар тұлға. Оның тағдыры – бүгінгі ұрпақ үшін нағыз ерлік пен отансүйгіштіктің үлгісі.

ҰРПАҚТАРЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.