«Әлемнің әміршісі еңбек, еңбек бәрін де жеңбек» демекші, дөңгеленген жер шарында жұмырбасты пенденің бір-бірінен абыройын асырып, маңдайын жарқырататын жалғыз құдірет – еңбек. Ердің атын еңбек шығарады демекші, бүгінде адал маңдай терімен кәсібін дөңгелетіп отырған Ноғайбайлық шаруагер Юрий Швецовпен тілдескен едік.
Еңбегімен талайға үлгі болған Юрий Геннадьевич 1973 жылы СҚО, Ақжар ауданы, Қызылту стансасында дүниеге келген. Кейіпкеріміздің айтуынша, шамамен екі жасында отбасы солтүстіктен Ырғайты ауылына келіп тұрақтайды. 1988 жылы сегіз сыныптық ауыл мектебін аяқтаған Юрий Швецов елді мекендегі Кенен Әзірбаев атындағы совхоз техникумына оқуға қабылданып, 1992 жылы «электромеханик» мамандығын алып шығады. Сонымен, орта кәсіптік маман иесі атанып, алғаш еңбек жолын өзі оқыған техникумда «жүргізуші-нұсқаушы» лауазымынан бастайды. Жас болса да, жауапкершілігі мол іске бас болып 1994-1996 жылдар аралығында техникумда директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары қызметін де атқарды. Еңбекке еті үйреніп кеткен адам үшін бос отыру оңайға соқпайды. 1996 жылы «Ақтас-Қордай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жұмысқа қабылданып, 2000 жылға дейін серіктестік механигі болады.
«Кез келген жұмыстың өзіне тән қиындығы, жауапкершілігі болады. 2005 жылы ауылшаруашылық саласына бет бұрып, өзімнің «ЮГ» шаруа қожалығымды аштым. 120 гектар қожалық алқабында негізінен арпа, бидай, жүгері отырғызумен айналысамын. Мемлекет тарапынан да кәсіпкерлік бағытқа барынша қолдау көрсетілуде. Оған дәлел, 2022 жылы «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы екі бірлік ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алдым. Жер — Ана ерінбей еңбек еткеннің несібесін жемейді. Шүкір, жиырма жылға жуық уақыт болды осы кәсіппен отбасымды асырап келемін», — дейді шаруагер.
Кейіпкеріміздің ұлты орыс болғанымен қазақ тілін жетік меңгергенін айта кеткен жөн. Десе де, елімізде әр ұлтқа өзінің тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтауға барлық мүмкіндік берілген.
«Үйде отбасымызда өз ана тілімізде сөйлесек, қазақы ортада өскендіктен көршілерімізбен қазақша сөйлесеміз. Мен үшін бұл үйреншікті жағдай», — дейді Юрий Геннадьевич.
Ауылдастарының айтуынша, Юрий Швецов қайырымдылық істерге де белсене араласуда. Ауылдастың немесе кез келген адамның басына күн туған сәтте оған жанашырлықпен қарап, қаржылай көмегін көрсетіп тұрады екен.
Халқымызда «Нар тәуекел – ер ісі» деген сөз бар. Өйткені, барлық игілік атаулы еңбекпен, тәуекелмен келетінін аға ұрпақ жақсы білсе керек.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ