26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай, Отар ауылдық округінде нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «Жастар ресурстық орталығы» КММ мамандарының ұйымдастыруымен «Нашақорлық – қоғам дерті» атты аудандық эстафета өткізілді.
Аталған іс-шараның басты мақсаты — жастардың есірткіге қарсы дүниетанымын қалыптастыру, зиянды әдеттерден бойды аулақ ұстауға үндеп, дені сау, рухы биік ұрпақ тәрбиелеуге атсалысу.
Эстафета аясында қатысушылар дене шынықтыру арқылы ұйымшылдықты, ынтымақтастықты, патриоттық сезімді және өмірге деген құштарлықты көрсетті.
Бұл тек жарыс емес, жастардың өмірлік ұстанымын айқындайтын, қоғамға ой салар маңызды қадам.
Әрбір жас — ел ертеңі, ұлт болашағы. Сондықтан олардың бойына салауатты көзқарас пен қауіп-қатерлерге қарсы тұра білетін ішкі иммунитет қалыптастыру — әрбіріміздің азаматтық парызымыз.
Есірткі – тек бір адамның емес, тұтас қоғамның дерті. Ол — арманды тұншықтырып, болашақты бұлдырататын індет. Бұл індетпен күресу — күн сайын атқарылатын, жауапкершілік пен жанашырлықты талап ететін ортақ іс.