НАУҚАС ПЕН ЕМХАНА АРАСЫНДАҒЫ СЕНІМДІ КӨПІР

0

Қордай аудандық орталық ауруханасының тыныс-тіршілігін сөз еткенде, ақ халатты абзал жандардың ерен еңбегі еске түседі. Солардың бірі – өмірін денсаулық сақтау саласына арнаған медбике ГҮЛЗАДА ДАНЕГУЛОВА

Гүлзада Жеңісбайқызы – Қордай ауылында туып-өскен жергілікті тұрғын. Алғашқы еңбек жолын 1993 жылы осы аудандық ауруханада балалар медбикесі болып бастаған. Тоқмақ медициналық училищесінде «фельдшер» мамандығы бойынша білім алып, жас маман ретінде аудан халқына адал қызмет етті.

– Балалар бөлімінде жұмыс істеген жылдарым жүрегіме ерекше жақын. Ауырған баланың көзіне жас үйірілсе, өз баламдай жүрегім ауыратын, – дейді кейіпкеріміз өткен күндерді еске алып.

Кейін еңбек жолын жаңа бағытта жалғастырып, 2004-2017 жылдары медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінде жетекші маман ретінде қызмет етті. Бұл кезеңде Гүлзада Жеңісбайқызы мүгедек жандарға қажетті құжаттарын рәсімдеуде көмек көрсетіп, олардың мұң-мұқтажына үнемі құлақ түріп отырды. Әрбір азаматтың мәселесін жеке қарап, қолынан келгенше қолдау көрсетті.

2017 жылдан бері ол Қордай аудандық орталық ауруханасының пациенттерді госпитализациялау бюросында жұмыс істейді. Бұл – үлкен жауапкершілікті, ұқыптылық пен жанашырлықты талап ететін бөлім. Гүлзада Жеңісбайқызының негізгі міндеті – келген науқастарды тіркеп, Қазақстанның әр өңіріндегі емханалармен байланыс орнатып, қажет болған жағдайда ауруханаға жатқызуға жолдама беру. Ол пациенттерді порталға тіркеп, реабилитация мен операцияға жолдайды.

– Бізге келген әр науқастың денсаулығы, тағдыры маңызды. Кезек күттірмейтін сәттерде жылдам шешім қабылдап, дұрыс бағыт беру – басты міндетіміз. Кейде бір орын табу үшін бірнеше клиникамен сөйлесуге тура келеді. Бірақ адам баласының амандығы бәрінен жоғары, – дейді ол.

Медицина саласында отыз жылдан аса еңбек етіп келе жатқан Гүлзада Жеңісбайқызы – тек өз ісінің шебері емес, жүрегі жылы, адам жанына шипа бола білетін жан. Осындай мамандардың арқасында ел медицинасының әлеуеті артып, халықтың сенімі нығая түсетіні анық.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.