«НАУРЫЗ АЙЫ ТУҒАНДА, ТОЙ БОЛУШЫ ЕДІ БҰЛ МАҢДА…»

0

Биылғы наурыз бұрынғыдан өзгерек. Мемлекет басшысы пәрменімен 10 күн бойы еліміздің әр түкпірінде аталып өткен Наурыз мейрамын қордайлықтар үлкен дәрежеде ұйымдастыра білді. «Көрісу күнімен» бастау алған көктем тойы «Қайырымдылық күнімен» жалғасып,  «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күнімен» ұштасып,  «Шаңырақ күнімен» шаттанып,  «Ұлттық киім күнімен» ұлықталып, «Жаңару күнімен» көгеріп,  «Ұлттық спорт күнімен» еленіп,  21 наурызда – «Ынтымақ күнімен» айшықталды. Дәл осы күні Қордай ауылының орталық алаңында  жалпы халық бір-біріне деген сый-құрметтерін арттырып, татулық пен бірлікті насихаттауға арналған мерекелік шараның куәсі болды.

Сән-салтанаты жарасқан, көркі мен келбеті бірінен бірі асқан боз үйлер мен аста-төк дастархан, думандатқан өнерпаздар, қонақтар ағыны, көпшілік серуені мереке көркін ашып, көрігін қыздырды. Әртүрлі сауда орнында жаппай сатылымдар, жеңілдіктер қарастырылып, халыққа ыңғайлы сауда ісі де ұсынылды.

Бұл күні аудан әкімі Бегзат Болатбековтың бастамасымен Жібек жолы — Төле би көшесінің қиылысынан Домалақ ана көшесінің қиылысына дейін жиырмаға жуық киіз үй тігіліп, әр үй ұлттық болмысымызды айшықтайтын жабдықтармен, әшекейлермен безендірілуіне, ұлттық тағамдардың мол болуына ерекше мән берген.

Орталық алаңда әдемі әуендер шырқалып, қонақтарды аудандағы этно-мәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары, аудандық Мәдениет үйінің, шығармашылық орталықтардың өнерпаздары ән-бимен қарсы алды. Жыл басы, күн мен түннің теңелетін, Самарқанның көк тасы еритін ерекше мейрамды  қарсы алуға жиналған көрермен қарасы да көп болды.

Жаңару мен жаңғырудың құтты бастауы болған Наурыз мерекесін бауырсақ, наурыз көже, қазы-қарта және басқа да дәмді тағамдарсыз елестету мүмкін емес. Көпшілік серуеніне келген қордайлықтар қазақтың осы астарымен қатар, түрлі ұлттың тағамдарынан дәм татып көруге мүмкіндік алды. Ұлттық киім киген жылыжүзді бойжеткендер дастарханның сәнін келтіріп, халқымызға тән қонақжайлылықпен есік алдында келген меймандарды күтіп алып, төрге оздырды.

Ал, аудан өнерпаздарының дайындаған  театрландырылған қойылымы жарқын әрі есте қаларлықтай болды. «Ойжайлау» фольклорлық ансамблінің мүшелері бастауымен концерттік бағдарлама көрермен көңілінен шығып, одан әрі өнерпаздардың жағымды әндерімен жалғасты.

Дәстүр бойынша Қыдыр ата жыл бойына береке мен молшылық тілеп, ақ батасын берді. Салтанатты шара барысында аудан әкімі Бегзат Болатбеков қордайлықтарды Әз-Наурыз мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізіп, биылғы мерекенің ерекшелігі туралы толғанып, барша қордайлықтарға жақсылық пен береке тіледі.

Айта кетейік, 22 наурыз күні барлық ауылдық округтерде Ұлыстың Ұлы күні сән-салтанатымен атап өтілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.