Қордай ауданына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова жұмыс сапарымен келді.
Халық қалаулысымен бірге «AMANAT» партиясы Қордай аудандық филиалының төрағасы Бейқұт Жамангозов, Қордай аудандық мәслихатының төрағасы Нұрдин Садықов, сондай-ақ аудандық мәслихат депутаттары болды.
Жұмыс сапары Қақпатас ауылында басталды. Мұнда Мәжіліс депутаты «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа мәдениет үйінің жұмысымен танысты. Екі қабатты, 180 орындық заманауи мәдениет ошағында концерт залы, кітапхана, үйірме және оқытушыларға арналған бөлмелер толық қарастырылған. Нысанды аралау барысында Гүлдара Алданышқызы ауылдық елді мекендерде мәдени инфрақұрылымды дамыту – жастарды тәрбиелеудің, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңызды тетігі екенін атап өтті.
Одан кейін Мәжіліс депутаты Бетқайнар ауылындағы жаңа мәдениет үйінде болды. 2024 жылы пайдалануға берілген бұл нысанда бүгінде мәдени-көпшілік шаралар мен үйірме сабақтары жүйелі түрде өткізіліп келеді. Гүлдара Нұрымова аталған мәдениет ошағы ауылдың қоғамдық өмірін жандандыруға серпін беретінін айтып, оның мазмұнды әрі тұрақты жұмыс істеуі жергілікті билік пен сала мамандарының басты міндеті екенін жеткізді.
Жұмыс сапары Қордай ауылындағы орталық стадионның құрылыс алаңында жалғасты. Стадионды қайта жаңғырту жұмыстары 2025 жылдың қазан айында басталған. Тапсырыс беруші аудан әкімдігінің құрылыс бөлімі, мердігер – «BIG Building NS» ЖШС.
Стадионда жүгіру жолақтары, көрермендерге арналған орындықтар, жаттығу және жуыну бөлмелері, сыртқы жарықтандыру, автотұрақ пен салтанатты іс-шараларға арналған трибуна салу жоспарланған.
Нысанды аралау кезінде Гүлдара Алданышқызы құрылыс жұмыстарының сапасына, қауіпсіздік талаптарының сақталуына және жобаның белгіленген мерзімде аяқталуына баса мән беру қажеттігін айтты. Сондай-ақ, бұл стадион бұқаралық спортты дамытуға, жастарды салауатты өмір салтына баулуға үлкен үлес қосатынын атап өтті.