Сейсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің кәсіпкерлермен кездесуі өтті. Жиынға Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Дәурен Бағжанов, Қордай ауданының прокуроры Бірлік Ізбасаров, сондай-ақ ауданның бірқатар кәсіпкерлері қатысты.
Кездесудің негізгі тақырыбы – балалардың еңбегін заңсыз пайдалану мәселесі болды. Кездесу барысында облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров балалар құқығын сақтау – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Айта кету керек, жаз мезгілінің басталуына байланысты балалардың еңбекке араласу жағдайлары жиілей түсетіні белгілі. Осы ретте, жиында балаларды маусымдық жұмыстарға заңсыз тарту фактілерінің алдын алу мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Балалар ісі жөніндегі уәкіл Дәурен Бағжанов кәсіпкерлерге балаларды жұмысқа тартудың құқықтық шектеулері, ҚР заңнамасындағы негізгі талаптар мен балалардың құқықтарын қорғау тетіктері туралы жан-жақты түсіндірме берді. Заңды бұзған жағдайда қатаң шаралар қолданылатынына назар аударды.
Кәсіпкерлер де өз кезегінде пікірлерін ортаға салып, балалар еңбегін заңсыз пайдаланудың алдын алу бойынша ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ балалардың құқықтарын қорғау жолында ортақ жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді.