НЕМІС ИНВЕСТОРЛАРЫМЕН КЕҢЕС

0

Сейсенбі күні ауданға Германиядан «ThiemeBieg & Associates» компаниясының өкілдері келіп, аудан шаруаларымен кездесті. Жиынға аудан әкімі Бегзат Болатбеков, аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев, бөлім басшылары қатысты.

Немістің «ThiemeBieg & Associates» компаниясы заманауи цифрлық бизнес-модельдер мен интеллектуалды басқару жүйесі арқылы неше түрлі бизнес пен іскерлікке шешімдер ұсынады. Бұл компанияның ұсынатын қызмет өрісі өте ауқымды, бірақ Қордай ауданы шаруаларымен өткен кездесуде олар пияз кептіру қондырғылары мен дайын өнімді өткізу жайын сөз етті. Компания өкілдері Йорг Андреас Динкелакер және Торстен Тиме пияз кептіру әдісі жайында ауқымды мәлімет ұсынды. Олардың айтуынша, көкөністің өзін Еуропаға, одан алыс жерлерге тасымалдау өте тиімсіз және пияздың бұзылып кету қауіпі де жоғары. Ал, кептірілген дайын өнім бұл проблемаларды шешеді, сондай-ақ оған сұраныс та жоғары. Йорг Андреас Динкелакер шаруалармен пияз кептіретін қондырғыны орнату, оның құны, мамандардың қызметі сынды ақпараттың барлығымен бөлісті.

Өз кезегінде Бегзат Болатбеков жергілікті атқарушы органдардың тарапынан шетелдік инвесторларға барлық көмек көрсетілетінін және жағдай да жасалатынын атап өтті.

— Ауданға инвестиция тарту – басты мақсаттарымыздың бірі. Сіздермен жұмыс істеуге дайынбыз. Біздің тарапымыздан қолдау болады. Ендігі кезекте аудандағы шаруалармен әріптестікті күшейтіп, жүйелі жұмыс жоспарын құру қажет, — деді аудан әкімі. Жиында сонымен қатар, шетелге ірі қара мен ұсақ мал етін сату мәселесі жайында да әңгіме қозғалды. Шетелдік инвесторлар бұл бағытта да жұмыстар жүргізуге болатынын жеткізді.

Еркін Қатбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.