Құрметті жамағат!
Баршаңызды ұлық мейрам – Құрбан айттың келуімен шын жүректен құттықтаймын! Айт қабыл болсын! Қасиетті мейрам күндері әрбір шаңыраққа шаттық пен денсаулық, игілік пен бақ-береке тілеймін. Осы мерекедегі ниеттеріңіз бен шалған құрбандықтарыңыз қабыл болсын!
Құрбан айт – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам. Адам баласы құрбандық шалу арқылы Алланың берген ризық-несібесіне шүкір етеді. Алланың нәсіп еткен нығметінің бір бөлігін көмекке мұқтаж жандарға үлестіріп, олардың да ақысын беріп, қуанышқа бөлейді. Өйткені Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Парыз амалдан кейінгі Аллаға ұнамды іс – мұсылманның жүрегіне қуаныш сыйлау», – деген.
Сондай-ақ айт кезінде орындалатын сауапты істің бірі – шынайы ниетпен құрбан шалып, құрбандық етін жетімдерге, көпбалалы отбасылар мен мұқтаждарға, көршілерге таратып, олардың алғысын алу.
Құрбан айттың тағы бір негізгі мәні мұсылмандар арасында өзара мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық, қанағат сынды адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру. Сондықтан Алланың рақым нұры төгілетін айтта жұртымызға жақсылық жасап, көпшіліктің ризашылығына бөленейік.
Әлмұхаммед Егізбаев, аудандық «Қордай» мешітінің бас имамы