Аудан орталығының іргесінде орналасқан Ноғайбай ауылы биылғы жылды жағымды жаңалықпен қорытындылады. Мереке қарсаңында мұнда жаңа су құбыры іске қосылды.
Ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтауға аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов арнайы барып, су құбырының ашылу салтанатына қатысты.
Елді мекенде осыған дейін болған су мұнарасының тозығы жетіп, құбырлар ескіріп, ауыз судың сапасы да төмендеген-ді. Енді міне, ауылға жаңа магистральді құбыр жүргізіліп, заманауи су мұнарасы бой көтерді. Қазіргі таңда 145 дана магистральдік құдық, 130 дана сервистік құдықтары орналастырылған. Сондай-ақ, 131 метрден артезиандық 2 су ұңғымасы қазылып, 50 текше метрлік мұнара мен 300 текше метрден 2 су қоймасы (резервуар) тұрғызылған. Мұнда электр жүйесі де жүргізіліп, сусорғы станциясы және күзет ғимараты соғылған.
Айта кетейік, нысанның құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «Сәт Сервис» ЖШС жүргізген.
«Біздің ауылда су мәселесі бұрыннан шешімін таппай келген түйткілді мәселелердің бірі еді. Енді міне, халқымыз тіршілік нәрінен тарықпайтын болды. Бұл біріншіден, егемендігіміздің арқасы, екіншіден, Мемлекет басшысының тура саясатының арқасы, үшіншіден өздерің сияқты ауыл азаматтарының арқасында осындай қуанышқа жетіп отырмыз. Ауылымыз көркейе берсін», — деді ауыл ақсақалы Ержан Маженов.