Ноғайбай Дәулетбақұлы 1834 жылы ата қонысы Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Сұлутөр өңірінде дүниеге келіп, 1910 жылы өмірден өткен. Атақты Малдыбай бидің шөбересі. Малдыбай би қырғыз-қазаққа аты шығып, Абылай ханның қырғыздарға қарсы соңғы жорығына қатысқан, ханның сенімді серіктерінің біріне айналған тұлға. Жаныс елінде Төле биден кейін билік құрып, мәті би атанып, Жаныс-Қасқарау еліне ұран болған.
Әкесі Дәулетбақтың, өскен ортасының тәрбиесін алған Ноғайбай ерте ер жетеді. Ат баптап, асау үйретеді, тазы ұстап аң аулайды. Оның өзге балаларға қарағанда еңбекқорлығы, алғырлығы айшықталып тұратын. Дәулетбақ та кенже ұлынан үміт күтіп, жанынан бір елі тастамады. Орта жүзден ығысқан Кенесары хан Ұлы жүздің жері Іленің бойына келіп ордасын тіккенде Дәулетбақ елдің игі-жақсыларымен қоса бала Ноғайбайды да ханға бірге ала барады. Сөйтіп, жақсылармен ерте араластырады. Қасқараудың бетке ұстары Кебекбайды арнайы қонақ етіп, батасын әпереді. Жастайынан елдің батасын алып өскен Ноғайбай шешен алып тұлғаға айналады. Қырғыз-қазаққа кеңінен аты жайылып, алыс-жақында Ноғайбайсыз дау шешілмейді. Қазақтың арда туған Ноғайбайын патша үкіметі де өз мүддесіне пайдаланады. Патшадан шен-шекпен алып, еліне адал қызмет етеді. Патша үкіметіне қызмет ете жүріп қазақтың мүддесінің сойылын соғады, көптеген қазақтың игі-жақсыларына көмегін көрсетеді…
Ноғайбай шешен туралы қазіргі таңда көптеген мақалалар баспа беттерінде жарияланды. Ол туралы кітап, пьеса жарық көрді, одан әрі де жалғасын таба бермек. Осы тұрғыда елі құрметтеген Ноғайбай шешеннің Мекке қаласына қажылыққа барғаны жөнінде қалам тербеп, оның тағы бір сырын паш ету мақсатында төмендегіні ұсынамын.
Ноғайбай шешен өмірінің соңына қарай 73 жасында, яғни 1907 жылы 4 қыркүйекте мұсылманның бір парызы – қажылықты өтеуге Мекке қаласына сапар шегеді. Меккеге өзімен бірге жақын ағайындары 61 жастағы Телтай Мадияров, 53 жастағы Бижан Асанбаев, 49 жастағы Орман Мәмбетқұлов сапар шегеді. Меккеге бару үшін Бішкектегі управитель Башкинге арыз түсіреді. Осы арыз негізінде Қалғұты болыстығынан бірнеше адам кепілдік береді:
«Поручительство
Мы, нижеподписавшиеся киргызы Калгутинской волости Пишкекского уезда Нусипбай Айтбаев, Толе Ногайбаев и Садық Керимбеков, ручаемся за киргиза нашего ауыла Ногайбая Даулетбакова отправившегося в Мекку на Богомолие.»
Осы кепілдемеден кейін №855884 казначейлік квитанция негізінде загранпаспорт алу үшін 45 сом ақша төлейді. Меккеге Ұлы жібек жолымен жүріп отырып, Одессаға барады да одан әрі Қара теңізде кемеге мінеді (архив құжаттарынан). Меккеден келгенде келіні ұл босанады. Әжіден келдім ғой деп немересінің есімін Әжімәдін қояды.
Сонымен бірге, Ноғайбай шешеннің қажы екендігін келесі бір уақиға растағандай болады. Атақты, «Бір кем дүние» деп жар салып өткен қазақтың заңғар жазушысы Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» кітабының кейіпкері Рысқұлды патша үкіметі қудалап жүргенде Шу бойындағы «Ақбұлақ» деген жердегі Ноғайбай бидің үйіне келіп паналайды. Кешікпей қайта оралып, Саймасай болыстығында қалған ұлы Тұрарды осында алып келеді. Біраз уақыт осында жүреді. Ноғайбайдың көмегімен Тұрарды Пішпектегі «Школа садоводства» мектебіне орналастырады.
«Рысқұл қашқынды Ноғайбай би паналатып жүр» деген қаңқу сөз ел арасына тарай бастайды. Өсек-аян, қаңқу сөз күннен-күнге үдей түседі. «Тентек ояз» деп аталып кеткен Пішпек уезінің бастығы тіміскілеп, жансыздары арқылы Рысқұлды іздестіре бастайды. Амалы қалмаған Ноғайбай Рысқұлды осы күнгі Түлкібастағы туыстарына жіберіпті. Рысқұл сол жерде жүре береді. Бірақ айтылып жүрген қаңқу сөз расқа айналып, Жетісу губерниясының губернаторынан Ноғайбайға: «Рысқұлды ұстап тапсыр, болмаса ол үшін өзіңді жауапқа тартамын» деген қатал бұйрық келеді. Рысқұл туралы губернаторға хабарлағандар қырғыздың манаптары екенін Ноқаң білген екен. Сондықтан Ноғайбай «Приговор» жазып, Түлкібас болыстығына жолдапты. Олар Рысқұлды ұстап Ноғайбайға жіберіпті. Рысқұл Ноғайбайдың алдына келіп:
«Қажы-еке ай, сізде пана бола алмадыңыз ба?», — депті. Сонда Ноғайбай: «Шырағым Рысқұл, солай дейсің ғой, солай-ақ болсын. Мен сені Пішпек уезіне тапсырып, одан тіл хат алайын. Айлаң бар жігітсің ғой, одан қашып кет. Одан кейін не істеу керектігін өзім саған айтамын», — депті.
Сонымен Рысқұл тағы қашып шығып, Ноғайбайға жолығады. Ноқаң оған сол түні «Тау арқасына», Қарақол жаққа өтіп кетуге кеңес береді. Кейін патша әскерлері оны Қарақол жақтан ұстап, Бішкекке әкеліп дарға асады (Қадыкенов Мүһдидің естелігінен).
Жандарбек ҚАРАБАСОВ,
Қазақстан журналистер одағының мүшесі