ОҚУ ЖЫЛЫ ТАБЫСТЫ АЯҚТАЛДЫ

0

Қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуында білім саласы жетекші рөл атқаратыны белгілі. Елімізде жылдар бойы қалыптасқан дәстүрлі білім беру моделі мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде жыл сайын жаңарып келеді.  Сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету, білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында үнемі дамып, үздіксіз жаңалықпен толығып отыруға бейім салмақты салаға артылған жүк те ауыр. Бұл бағытта Қордай аудандық білім бөлімінде атқарылған істер ауқымды. Осыған орай оқырман назарына Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Қордай ауданы білім бөлімінің 2022-2023 оқу жылының жылдық есебін ұсынуды жөн көрдік.

Қордай ауданындағы білім ошақтарының саны – 47. Оның ішінде:  21 мектеп мемлекеттік тілде, 2-і ресми тілде, 24-і аралас тілде оқытылады. Аудан бойынша жалпы мұғалімдердің саны 2852 құрайды. Оның 37-і жоғары, 67-і бірінші, 149-ы екінші, 741-і педагог-модератор, 794-і педагог-сарапшы, 348-і педагог-зерттеуші, 30-ы педагог-шебер. Жалпы 2166 педагог біліктілік санатқа ие. Үстіміздегі жылы педагогтердің біліктілігін арттыру курсынан 573 мұғалім өтті.

2022 жылы аудан бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуден орташа балл көрсеткіші 82% құраса, 2023 жылы 85% күтілуде.

«Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанмен – тарихтағы ең ұлы істің бірі» — деп К.Ушинский айтқандай, қарапайым ісімен биік белестерді бағындырып жүрген ұстаздар да баршылық. Жалпы аудан бойынша 2022-2023 оқу жылында Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген облыстық семинарда 45 пән мұғалімі сертификат иеленсе, облыстық олимпиадада – 5, конкурстарда – 18 мұғалім ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдар мен сертификаттар иеленді. Қордай ауданы білім бөлімінің ұйымдастыруымен 199 семинар-практикум, 126 аудандық байқау өтті.

Мағжан Жұмабаев: «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға «қазақ жанына» үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады» демекші, шәкірттеріміз де аудан, облыс, республика көлемінде топ жарып жүр. Атап айтсақ, аталған оқу жылында пәндік олимпиада бойынша аудан көлемінде – 262, облыс көлемінде – 35 оқушы қатысып, ІІ орын – 3, ІІІ орын – 10, Грамотамен 8 оқушы марапатталып, оқушылар арасында өткен түрлі байқауларға аудан бойынша жалпы 20562 оқушы қатысып, оның 126-ы облыстық кезеңде І, ІІ, ІІІ орын жүлдегерлерінің қатарынан көрінді.

2023 жылдың 2-4 мамыр аралығында Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласында өткен республикалық Қ.Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пән олимпиадасында №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы А.Меделхан грамотамен, 2023 жылдың 10-13 мамыр күндері Павлодар қаласында өткен республикалық «Мәшһүр-Жүсіп оқулары» байқауында II дәрежелі дипломмен марапатталды.  Маңғыстау облысы Ақтау қаласында өткен республикалық «Әбіш оқулары» байқауында №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы А.Мырзахан I дәрежелі дипломға ие болды. Республикалық «Құнды құжат» байқауында №27 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің оқушысы А.Рашит I дәрежелі дипломмен және «Ән шырқайық бәріміз» атты республикалық патриоттық әндерді хормен айту челленджінде «Асыл перзент», «Ботақан» балабақшалары жүлделі I, II дәрежелі дипломдармен марапатталды. Республикалық пән олимпиадасында А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Жолды Алина құқық пәнінен 3-орынға, Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының 6-сынып оқушысы Айдарханова Данэля орыс тілі мен әдебиеті пәнінен 2-орынға, №3 Абай Құнанбаев атындағы орта мектебінің 5-сынып оқушысы Дәулетбек Құралай қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 3-орынға, Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектебінің 6-сынып оқушысы Алиева Мадина қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 3-орынға ие болды. 2023 жылдың 14-18 наурыз күндері Ақмола облысы Щучье қаласындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының базасында өткен оқушылардың XVIII республикалық «Зерде» зерттеу жобалар байқауында №28 Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектебінің 7-сынып оқушысы Балмаханбет Қасымхан ІІІ орынға ие болды, №4 Балжан Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінің 3-сынып оқушысы Әкембек Әлинұр Алғыс хатпен марапатталды.

Құқықтық тәрбие бағыты бойынша да бірнеше жұмыстар: түрлі акциялар, аудандық полиция бөлімінде мектеп оқушыларының қатысуымен «Ашық есік күні» ұйымдастырылды. Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Қордай ауданының білім бөлімі, аудан прокуратурасының қызметкері С.Серік, аудандық полиция бөлімінің қызметкері Е.Абдуллаев, аудан әкімдігінің спорт және дене шынықтыру бөлімімен бірлесіп, кәмелетке толмағандар арасында «Біз жасөспірімдер қылмысына қарсымыз!» атты спорттық ойындардан жарыс өткізді. Балалар жылына да орай семинарлар, форумдар, түрлі отбасылық байқаулар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, білім бөлімінің мамандары  полиция қызметкерлерімен бірге түнгі рейдке шығып, беймезгіл уақытта оқушылардың заңды өкілдерінсіз жүрмеуі және қылмыстарды болдырмау бойынша алдын алу жұмыстарын жүргізді.

Жас ұрпақ – ел тірегі, ертеңіміздің кепілі. Әрбір ұстаз мектеп оқушыларының ақыл-ойын жан-жақты дамытуға, отансүйгіштікке, бәсекеге қабілетті болуға тәрбиелеп отыр. «Қыран – түлегіне қайыспас қанат сыйлайды, ұстаз – шәкіртіне талап сыйлайды» деген халқымыздың қанатты сөзі ұстаз арқылы дарыған талаппен жас ұрпақтың алысқа ұшатынын меңзеген. «Еліміздің ертеңі — бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздың қолында» дегендей ұстаздар еліміздің болашағына, оның гүлденуіне үлес қосатын білімді жастарды даярлап, тынымсыз еңбек етуде.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.