Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің тәрбие жұмысы және қосымша білім департаментінің ұсынысымен Рес-публика бойынша «Төрт тоқсан – төрт өнер» ұлттық мәдени-ағартушылық жобасы аясында, 2024 жылдың 24 қазанында Степное ауылдық мәдениет үйінде ұлттық рух пен патриотизмді, өз халқына және оның дәстүрлеріне құрмет сезімін тәрбиелеу, айтысты қазақ халқының ұлттық құндылығы, шешендік өнердің баға жетпес мұрасы ретінде дәріптеу арқылы дарынды шығармашыл жастарды анықтау мақсатында аудандық ақындар айтысы өткізілді.
«Таланттылар – раушан гүлі сияқты, жан-жағына жұпар шашып, көңіл ашады», «Талант көрсең, көзін аш», деген даналық сөздер осындайда айтылса керек. Байқауға аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің әдіскері Ақмарал Қонбаева, ардагерлер қозғалысының белсендісі Аймахан Көрпелдесов, Шерхан Мұртаза атындағы негізгі мектептің бастауыш сынып мұғалімі Дәмегүл Бақытжанова әділ қазылық жасады.
Әр жұп өздерін таныстырып, ел тәуелсіздігін жырға қосты. Сұрақ-жауап қойып айтысты. Бір-біріне кезек ұсынған бүлдіршіндердің мақсаты жеңіске жетіп, жүлделі орындар иелену. Айтыс өнері шешендік пен тапқырлықты, шындық пен өткірлікті талап ететін тамаша өнер.
Жеңіс бар жерде, жеңіліс те болары анық. Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлдені Нұрсұлу Сапаралиева №43 мектеп оқушысы жеңіп алды. Жүлделі бірінші орынды №26 мектеп оқушысы Сұлтанбек Арқабек пен №32 мектеп оқушысы Нұрдәулет Нұрғали иеленсе, екінші орынға №27 мектеп оқушысы Мейіржан Купайсым, №47 мектеп оқушысы Ұлдана Азрет және №2 мектеп оқушысы Арайлым Жүсіп лайық деп танылды. Сондай-ақ, №26 мектеп оқушысы Сахара Қалым мен №33 мектеп оқушысы Нұрислам Есқараев үшінші орын иегері атанды. Айтыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері бағалы сыйлықтар және дипломдармен марапатталды.
Д.ҮМБЕТҚЫЗЫ, Шерхан Мұртаза атындағы негізгі мектептің бастауыш сынып мұғалімі