Қазақстан Халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай бүгін ауданда ерекше әскери-патриоттық экскурсия өтті. «Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен №7 А.С. Пушкин атындағы орта мектеп оқушылары Қарасу ауылдық округінде орналасқан ҚР ҰҚК ШҚ Жамбыл облысы бойынша департаментінің Қордай ауданы бойынша “Қарасу” шекара бөлімшесіне барып, шекарашылардың қызметімен жақын танысты.
«Бір ұлт, бір әскер” тақырыбында өткен шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді оятып, отансүйгіштікке тәрбиелеу, сондай-ақ шекара қызметінің маңыздылығын көрсету болды.
Экскурсия барысында оқушыларға шекарашылардың күнделікті қызметі жан-жақты таныстырылып, олардың қолданатын әскери техникасы мен құрал-жабдықтары көрсетілді. Сарбаздардың тәртібі, дайындық деңгейі, қызмет барысында кездесетін қиындықтары мен жауапкершілігі жайлы қызықты мағлұматтар берілді.
Шекарашылармен болған кездесу оқушыларға ерекше әсер қалдырып, олардың әскери мамандықтарға деген қызығушылығын арттыра түсті. Бұл шара болашақ сарбаздардың патриоттық рухын көтеріп, ел қорғаны болуға деген ынтасын оятатыны сөзсіз.