Масаншы ауылының кәсіпкерлері мен Ваго Дауров бастаған ауылдың белсенді жастарының демеушілігімен ауыл оқушыларының және «Қордай» Құран қариларын дайындайтын орталық шәкірттерінің игілігі үшін екі жаңа автобус сатып алынды.
Бұл игі іс ауыл тұрғындары мен мектеп оқушыларының, сондай-ақ орталық шәкірттерінің қуанышын арттырды.
Сатып алынған автобустар Масаншы ауылындағы №12, №13 және №50 орта мектептерінің шалғай көшелерінде тұратын оқушыларды мектепке тасымалдауға арналған. Аталған бастама алыс жерде орналасқан балалардың білім алу мүмкіндігін жақсартып, ата-аналардың алаңдаушылығын азайтады.
Сонымен қатар, аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, бұл автобустарды Масаншы ауылындағы «Қордай» Құран қариларын дайындау орталығына қатынайтын кәмелетке толмағандардың жүріп-тұруына да пайдаланылатын болады.
Ауыл тұрғындары мен мектеп ұжымдары бастамаға демеушілік көрсеткен кәсіпкерлер мен белсенді жастарға алғыстарын білдірді.
Мұндай қайырымдылық шаралар білім беру мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Автобустардың алғашқы сапары жоғарғы сынып оқушыларын Ауқатты ауылындағы шекара заставасына экскурсияға апарудан басталды.
Бұл шара оқушылардың патриоттық тәрбиесін нығайтуға ықпал етері сөзсіз.
Аудан әкімінің хаттамалық тапсырмасына сәйкес “Жастар ресурстық орталығы” ұйымдастырған жастарды қазақстандық патриотизмге баулуға бағытталған мұндай шара барлық шекара заставаларында жалғасын табатын болады.
Ауыл тұрғындары, мектеп ұжымдары және ата-аналар осындай игі іске демеушілік жасаған кәсіпкерлер мен белсенді жастарға алғыстарын білдіруде. Балалардың қауіпсіздігі мен білім алуына бағытталған мұндай қайырымдылық бастамалар қоғамның бірлігінің айқын көрінісі.