Туған жердің шежіресіне айналған ауданымыздың бас басылымы – «Қордай шамшырағы» газетіне 90 жыл. Осынау жылдар ішінде ол аудан халқының сырласы мен мұңдасы болғаны рас. Әлі күнге дейін аудандық газет тілшілері еліміздің және ауданның айшықты жаңалықтарынан қалың оқырманды хабардар етіп келеді.
Қазіргі таңда 2024 жылға баспасөзге жазылу жұмыстары жүргізілуде. Жылына екі рет келетін науқанның редакция ұжымы үшін орны ерек. Осындай маңызды кезеңде ауданымыздың жанашыр азаматтарының бізге қолдау білдіріп, белсенділік танытатыны көңілімізге медет берері сөзсіз. Сондай жандардың бірі – жеке кәсіпкер Құндызай Мейірманова. Жуырда Құндызай Сапарбайқызы басқаратын «Арынова» ЖК мектеп аспаздары толық ұжыммен «Қордай шамшырағы» газетіне жазылды. Сонымен қатар Құндызай Мейірманова қайырымдылық акциясы негізінде әлеуметтік осал топтағы жандарға «Қордай шамшырағы» газетін тегін жаздыртып, жазылым түбіртегін тарту етті. «Аудан тарихында «Қордай шамшырағының» алар орны бөлек. Біз жыл сайын өз еркімізбен бүт ұжым болып газетке жазыламыз. Өйткені біз ғасырға жуық шежіресі бар ауданымыздың бас басылымын оқығанды жақсы көреміз. Жазарларыңыз таусылмасын, шығармашылықтарыңыз шарықтай берсін», -деп тілегін жеткізді кәсіпкер.
Төл басылымның таралымының артуына қолдау білдірген «Арынова» ЖК ұжымына алғысымыз шексіз.