19 ақпан күні Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың 2020 жылы атқарылған жұмыстар бойынша халыққа есеп беру кездесуі өтті. Жамбыл облысы 2020 жылды жақсы нәтижелермен аяқтады. Аймақ экономикасына тартылған инвестиция көлемі артып, жұмыссыздық деңгейі қысқарды.
Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысына баяндама жасаған өңір басшысы осылай деді. Облыс әкімі әлеуметтік-экономикалық ахуал мен атқарылып жатқан жұмыстары туралы баян ете келе, бірқатар ауқымды жобалар сәтті жүзеге асып, экономиканың серпін алуына ықпал еткенін айтты. Әр сала бойынша ілгерілеушілік бар, мұндай көрсеткіштер ішкі өнімнің өсуіне мүмкіндік беріп отыр, деді аймақ басшысы.
Есеп беру кездесуі онлайн форматта ұйымдастырылды және «Jambyl», «77TV» және «Taraz 24» телеарналарында, облыс әкімдігінің www.zhambyl.gov.kz сайтында, сондай-ақ Instagram (zhambyl.gov.kz), Facebook (www.facebook.com/zhambyl.gov.kz), Youtube (Жамбыл облысы әкімдігі) ресми парақшаларында тікелей эфирде көрсетілді. Тұрғындар сауалдарын esep2021@zhambyl.gov.kz электронды поштасы, «Ашық диалог» блог-платформасына және jambyl_esep2021 Telegram каналы арқылы жолдап, жауабын алды.
Облыс әкімінің есебі туралы толық ақпаратты www.zhambyl.gov.kz, мayak1932@mail.ru сайттарынан оқи аласыздар.
Онлайн режимде өткен халыққа есеп беру кездесуінде Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев COVID-19 пандемиясы жағдайында кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары туралы тоқталып өтті.Бүгінгі таңда облыста 70 мың шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген, онда 126 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес шағын және орта бизнес субъектілеріне 11 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Нәтижесінде, өткен жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша, коронавирус пандемиясының салдарына қарамастан, шағын және орта бизнестегі өнімдер мен қызметтерінің көлемі 227 пайызға өсіп, 467,4 миллиард теңгені құрады, — деді Бердібек Сапарбаев.
Дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде 14 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі 2 миллиард теңге көлемінде салықтық ынталандыруларға ие болды десек, 740 кәсіпкерлік субъектісінің 3,9 миллиард теңге көлеміндегі несиесі кейінге шегерілді.
Несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға 1,1 млрд. теңге бөлініп, 278 жоба қамтылды.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасы аясында жаңа бизнес бастамаларды іске асыру үшін 7,8 мың адамға 4,3 миллиард теңгенің қайтарымсыз гранттары берілді. Ал, 1,3 мың адам 5,4 млрд. теңгенің шағын несиесіне қол жеткізді.
— Биыл біз алдымызға бірқатар міндеттерді қойып отырмыз. Атап айтсақ, жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 21,7 пайызға жеткізу, әуе, теміржол, автожолының транзиттік әлеуетін тиімді пайдалану арқылы тауар айналымын арттыру, «QAZSUGAR Co» ЖШС мен «Farm Frites Kazakhstan» ЖШС кәсіпорындарын іске қосуды көздеп отырмыз, — деді Бердібек Сапарбаев.
Есептік кездесуде өңір басшысы 70 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен, оның ішінде «Еңбек» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары аясында қамту жоспарланып отырғанын жеткізді.
Жамбыл облысында 20 мыңға жуық жұмысшының жалақысы 26 пайызға өсті
2020 жылы Жамбыл облысы коронавирус пандемиясының салдарына қарамастан экономиканың негізгі салаларында өсімге қол жеткізе алды. Бұл туралы аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев халыққа есеп беру кездесуі барысында айтты.
— Біз барлық қиындықтарды бірге еңсеріп келеміз. Мемлекет басшысының қолдауының және жерлестеріміздің қажырлы еңбегінің арқасында экономика 102,2 пайызға өсті. Өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 2019 жылғы деңгеймен салыстырғанда 3,1 пайызға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 5,1 пайызға артты. Ал, тұрғын үй құрылысының көлемі 28,2 пайызға өсіп, 344,1 миллиард теңге инвестиция тартылды, — деді Бердібек Сапарбаев.
Өңірдегі өнеркәсіп кәсіпорындарымен 505 миллиард теңгенің өнімі өндірілген.
Инфляция деңгейі 7,3 пайызды құраған. Ағымдағы жылы бұл көрсеткішті 4-6 пайыз аралығына төмендету үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша бірқатар шаралар қабылдануда. Бұл міндетке қол жеткізу мақсатында нақты іс-қимыл жоспары құрылған.
— «Алқаптан сөреге дейін» жобасы аясында жұмыстарды күшейте түсетін боламыз, әлеуметтік павильондар желісін кеңейтіп, ауылшаруашылық жәрмеңкелерін өткізуді жалғастырамыз, — деді Б. Сапарбаев.
Өткен жылы жұмыс орындарын сақтауға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және жұмысшылар алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындауға айрықша назар аударылды. Жамбылдық 4508 кәсіпорын басшылығымен тиісті меморандумдарға қол қойылды. Нәтижесінде 41 жеке кәсіпорындағы 19,4 мың жұмысшының орташа жалақысы 26 пайызға көтерілді.
— Әлбетте, біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Әрі қарай да үйлесімді жұмыс жасап, жаңа белестерді бағындыратын боламыз, — деді Бердібек Сапарбаев жамбылдықтарға.
Қазақстан бойынша «жасыл» энергияның 20 проценті Жамбыл облысында өндіріледі
Жамбыл облысында «жасыл» энергия саласында 16 кәсіпорын жұмыс істейді десек, олармен 318,4 МВт электр энергиясын өндіріледі. Бұл жөнінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаев халыққа есеп беру онлайн-кездесуінде мәлімдеді.
— Жамбылдағы жаңартылған энергия көздері нысандары елімізде өндірілетін электр энергиясының 20 пайызын қамтамасыз етеді, — деді облыс әкімі. Биыл бір жел электр станциясы мен бір су электр станциясы іске қосылады деп күтілуде.
Сондай-ақ, көгілдір отынмен қамтуда да ауқымды шаралар атқарылуда. Өткен жылы өңірде 120 мың тұрғыны бар 45 елді мекен газдандырылды. Нәтижесінде, халықты газдандыру деңгейі 74,4 пайыздан 82,4 пайызға дейін ұлғайды.
Ал, орталықтандырылған ауыз сумен 60 мың адам тұратын 38 елді мекен қамтылды. Осылайша, ауыл тұрғындарының орталықтандырылған ауыз сумен қамтылу үлесі 73,3 пайыздан 82,2 пайызға дейін өсті.
Ағымдағы жылы 23 сумен жабдықтау нысанының құрылысы, көмірмен жылытылатын 156 ауылдық әлеуметтік нысанды газға ауыстыру жұмыстары жоспарланып отыр.
Өткен жылы автожол саласын дамытуға 26,7 млрд. теңге бөлінді, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,3 есе көп. 1316 шақырым автомобиль жолдары салынып, жөндеуден өтті. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 85-тен 90 пайызға дейін артты. Ағымдағы жылы жалпы ұзындығы 534,4 шақырым болатын жолдарды жөндеу жоспарлануда.
Аймақ басшысы өткен жылы облыс орталығының қоғамдық көліктерінде электронды билет жүйесі енгізілгенін атап өтті. Ол бойынша 310 тұрақты және 500 жылжымалы терминал орнатылған.
— Биыл 100 автобус газ жүйесіне ауыстырылып, автобус паркі жаңартылады. Жолаушыларға қызмет көрсету мәдениетін арттыруға, жүргізушілердің жол ережелерін сақтауына ерекше назар аударылатын болады, — деді облыс әкімі.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі