ОБЛЫС БАСШЫСЫНЫҢ ЖЕКЕ БАҚЫЛАУЫНДА

0

Ағымдағы жылдың 7 шілдесі, сағат 17:20 шамасында Сарысу ауданында қатты жауын салдарынан көлбеу ағын қалыптасып, тау бөктерінде орналасқан 200-ден астам үйдің ауласы мен 21 үйдің ішін су алды.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес оқиға орнына облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Арман Тоқанов, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов шұғыл аттанды.
Сондай-ақ, ауданда жел әсерінен бірнеше мәрте жарық сөніп, қайта жанды. Бұдан бөлек, Байқадам ауылдық округі Саудакент ауылындағы 5 көшеде жарық өшкен.
Жергілікті атқарушы органнан және төтенше жағдай департаментінен барлығы 50-ден астам адам, 17 бірлік техника жұмылдырылып, 11 мотопомпа және дрон қолданылды.
«Жаңатас-Саудакент» тас жолы су басу қаупіне байланысты жабылды. Саудакент елді мекенінде арнайы техникалардың көмегімен бұрылыстағы суды тоқтату, бағытын бұру жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі таңда су деңгейі төмендеді. Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Сарысу ауданы Жаңатас қаласына барып, су алған аулаларды аралап көріп, ахуалмен танысты. Шығынды есептеу, қосымша нақтылау шаралары жалғасуда.
Ербол Қарашөкеев жедел штаб отырысында орын алған жағдайдың қайталанбауы үшін себебін зерделеу бойынша жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.
– Арнайы комиссия құрылып, тұрғындарға, зардап шеккен нысандарға заң талаптарына сәйкес барлық қажетті көмек, қолдаулар көрсетіледі. Біз бұл қиындықты да бірге еңсереміз, – деген өңір басшысы аталған жағдай жеке бақылауында болатынын баса айтты.
Айта кетейік, аудандағы ахуал тұрақты, адам, мал шығыны жоқ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.