Ауыл тұрғындарына медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру, медициналық-стационарлық қызметтің сапасын дамыту мақсатында облыстық көпбейінді ауруханасының дәрігерлері Қордай ауданында іс-сапармен болды.
Ауданға Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанованың тапсырмасы аясында облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Марат Жұманқұлов бастаған дәрігерлер тобы (кардиолог, эндокринолог, қантамыр хирургы, кардиохирург, хирург дәрігерлері) келіп, Қордай аудандық орталық ауруханасында шеберлік сағатын өткізді.
Шеберлік сағатында видеоэндоскопиялық әдіспен хирургиялық заманауи әдістерді қолдана отырып, операциялар жасалды. Оны облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігердің хирургия жөніндегі орынбасары, штаттан тыс бас хирург дәрігері Жандос Сейдахметов және хирург дәрігер Ержан Есімов жасады. Сонымен қатар, мамандар тиісті жоспарға сәйкес, тұрғындарды жеке қарап, тексеріп, медициналық-диагностикалық қабылдаулар да жасады. Іс-сапар аясында Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының дәрігерлері диспансерлік есепте тұратын пациенттерді қарап, оларға медициналық талдау-сараптау жүргізді.
Облыс орталығынан келген дәрігерлер Қордай ауданы әкімі Бегзат Болатбековпен де кездесіп, өңірдегі халықтың денсаулығын жақсарту жөніндегі мәселелерді талқылады.
Жамбыл облысының стационарлық көмек көрсету үйлестірушісі Марат Жұманқұлов аудан дәрігерлеріне арнайы кеңестер беріп, оның барысында ем қабылдап жатқан пациенттермен тілдесіп, олардың жай-күйін білді.
Еркін Қатбеков