«Қордай шамшырағы» газетінің жуырдағы санында «Ойжайлау» фольклорлық жастар ансамблінің құрылу тарихы туралы зерттеу мақаласын оқыдым («Кененнің Қызылтаудағы ғасыртойы немесе «Ойжайлау» ансамблі қалай құрылды?», 18 маусым 2022 ж). Осы аталған мақала толықтырылып облыстық «Ақ жол» газетіне де басылған екен. Авторы белгілі өнер қайраткері, облысымыздың мәдениет саласын ұзақ жыл басқарған Дүйсенәлі Бықыбаев. Онда ауданымыздың атын шығарып жүрген байырғы өнер ұжымы туралы жан-жақты зерттеліп-зерделеніп жазылыпты. Биыл құрылғанына 40 жыл толатын ансамбльдің кейінгі қалыптасу, даму жылдарына мен де өз үлесімді қосқанымды кеудемді керген зор мақтаныш сезімімен айтамын. Сол себепті де қырық жылдық мерейтой қарсаңында өз естелігіммен бөлісуді жөн көрдім.
Біз мектепте оқыпжүргенде 1974 жылы ауданымыз Красногор және Қордай ауданы боп екіге бөлінді. Мен түбі Кенен ауылының тумасы екенімді ел біледі. Туған ауылым Кенен мен өскен ауылым Соғанды сол жылы Красногор ауданы құрамына кірді. Жоғарғы оқу орнын аяқтап, Соғанды мектебінде оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарып жүрген кезім. Бұл уақыт 1984 жылы өткен Кенен атамыздың 100 жылдығына және 1985 жылы өткен Жеңістің 40 жылдығына сәйкес келгені есте қалыпты. Мектеп ұжымы екі жыл қатарынан өзімнің ұйымдастыруыммен өткен аудандық көркемөнерпаздар байқауына қатыстық. Өзім де жеке орындаушы ретінде Кенен атамның 1984 жылы «Қызылқайнар», «Бал құйылды даладан», Жеңістің 40 жылдығына орай Сейдолла Бәйтерековтың «Әлиясын» орындадым. Содан бастап аудандық концерттің түрлісінен, облыстық мәдени іс-шараның ешбірінен қалмайтын болдым.
80-ші жылдардың басында Красногор ауданының бірінші хатшысы болған Әлмұхан Исақов, үшінші хатшы Саттар Жәнәбілов сияқты ел ағалары өнерді бағалайтын зиялы азаматтар еді. Красногордың мәдениет бөлімінің басшысы Әуесбай Бақбергенұлы ағамыз да жаңа ауданның өнерін өрге бастыруға бар күшін салды. Ол кісіні Әуесбек аға дейтінбіз. Отызында бұзған ордасы да ауданымызда атқарған ілкімді ісі еді десек әсірелеген сөзіміз емес. Аудан халқы мен Кенен ауылы тұрғындары үшін басты жаңалық – Кенен атамыздың 100 жылдығына орай ауыл өнерпаздарынан құрылған «Ойжайлау» фольклорлық жастар ансамблі болатын.
Әуес ағайдың «Ойжайлау» ансамблінің ұжымын жасақтаудағы сіңірген еңбегі есіл. Кенен ауылында, ауданда өнерпаздар бар болғанымен, олардың басын біріктіріп, ансамбль құру айтар ауызға ғана оңай. Өзімсінетін өз ауылымыздың адамы да емес, басқа қаладан, сырттан кеп тұрып, өнер адамдарының тілін табудың тауқыметі де бар. Бұрын топ болып бірге ойнап көрмеген өнерпаздар бастапқыда «екі (олар екіден де әлдеқайда көп болса тіптен) қошқардың басы бір қазанға симайдының» кебін кигені рас. Оның үстіне көбінің арнаулы музыкалық білімі жоқ, аспаптарды өз бетімен үйренген ауылымыздың адамдары партитура, нота дегенді аса ұға бермейтіні белгілі. Сондықтан сан түрлі аспапты бір ырғақта құйқылжытудың машақаты өз алдына, ешбір нотасыз есту қабілетіңе ғана сеніп-сүйеніп ойнаудың қиындығы тіптен бөлек еді. Партитура құрастырудың қиындығы да өз алдына мәселе.
Өнер ұжымын құрудың қиындығын еңсеру үшін Әуес ағамызға ансамбльге Жамбылдан уақытша жетекші шақыруға тура келді. Олар ауыл өнерпаздарына шеберлік дәрісінің нағыз үлгісін көрсетті десек артық емес. Осылайша Красногорға әйгілі «Алатау» ансамблінің көркемдік жетекшісі Мұхтар Рахманқұлов келді. Әуесбек ағаның өзі де кезінде осы «Алатау» ансамблінде баяншы-аккомпаниатор боп қызмет қылған тәжірибесі бар екен. Екі бірдей өнер тарланы екі жақтап жүріп, бір-екі ай көлемінде ансамбльді дайындағаны ауыл өнерпаздары үшін бетбұрысты кезең болды. Кәдімгідей «аюға намазға үйреткен таяқ» дегеннің кері болдық-ау. Сөйтіп ілдебайлап жүріп, Әукең жоқтан барды жинап-құрап, ұжымшарымыздың музыканттарын қазақ теледидарынан бір-ақ шығарғаны ерлікке пара-пар іс болды. Кенен атамыздың даңқы «Ойжайлау» арқылы бүкіл ел ауқымында аспандады. Бұл үшін басшының бойында қарамағындағыларға деген қатаң талапшылдығы мен діттегеніне жетпей қоймайтын қажымас қайраты болуға керек.
Талап пен төзім таласқа түскен тұста Әуес ағай өзі жас болса да бас болған ағалық ақылын жиі айтатын еді: «Ансамбльде ойнау үшін музыкалық қабілеттен гөрі, адамгершілік қасиеттер қайда маңызды. Егер дарынды музыкант икемділік, төзімділік, қарапайымдылық пен әріптесін тыңдай білу қасиеттеріне ие болмаса, ол ұжым зор жетістікке жете алмайды. Ансамбль немесе оркестр ұжымның ауызбірлігі мен ынтымағының арқасында ғана шығармашылықтың ұшпағына шыға алады». Өз бойындағы адами ізгі қасиеттерінің молдығының арқасында ол ансамбль өнерпаздарының кейде қылтиып шыға қалатын қыңыр мінезіне төзе білді.
«Ойжайлау» фольклорлық ансамблі 1982 жылдың соңына қарай жиналып, 1983 жылдан бастап тұрақты өнер көрсете бастады. Оның алғашқы құрамы туралы белгілі өнерпаз, «Ойжайлауда» домбырашы болған Советбай аға Базарбаевтың дерегі құнды: Әуесбай Бақбергенұлы басшымыз, әрі ансамбль құрамында баянда ойнады. Алғашқыда Кенен ауылында құрылсақ та аудан атынан шыққан ансамбль репертуары «Ата толғауы», «Ерке сылқым», «Балбырауын», «Қосалқа», «Айжан қыз», «Кеңес» күйлерімен толықты. Ұжымымызда әнші де, биші де болды. Көбіне Кенен әндерін сүйемелдедік. Баянда ойнайтын Сабырхан Рыспеков, Лаура есімді қобызшы келіншек, примашы Дүйсеғали Елубаев, ағайынды Жұмабек, Еркебек Нұрахметовтер, Нұрқұл Малтабаров, Күләш Майлыбаева, әншіміз Сарқыт Әбдібаева, бишілердің көркемдік жетекшісі Ақмамық Қожықова, домбырашы Серікжан Әбітбеков және тағы басқа музыканттардың «Ойжайлаудың» даңқын шығаруда сіңірген еңбегі мол. Домбырашы Жұмабек ағамыз асатаяқ, сылдырмақ, мүйіз, тайтұяқ, сыбызғы т.б көне аспаптарды өзі жасайтын шеберлігі бар еді. Сол тұста осындай көне ұлттық аспаптарды алғаш көріп, аузымыз ашыла таңырқағанымыз есімде.
Ансамбліміздің тарихындағы айшықты оқиға – көркемөнерпаздар шығармашылығының Бүкілодақтық байқауына қатысуы болды. Мақаламыздың тақырыбында, «…Одаққа аты шыққан «Ойжайлау» деуіміздің мәнісі де осында. Жеңістің 40 жылдығына арналған Одақтық байқау 1983 жылдың қазаны мен 1985 жылдың мамыр айы аралығында 2 жыл бойы өткені мәлім. Кеңес одағы елдерінің арасында өткен байқау еңбекші қауымның бос уақытын ұйымдастыруды жетілдіру, көркемөнерпаздар шығармашылығының барлық түрі мен жанрын дамытуға ықпал етуге арналды. Оның аясында көркемөнерпаздар ұжымдарының конкурстары, ән мен музыка думандары, үрмелі оркестрлердің марш-шерулері өтті. Байқауға одақтың барлық елінен жалпысы 30 миллионнан астам адам қатысқан екен. Сол 30 миллионның арасында ауыл өнерпаздарынан құрылған «Ойжайлауымыздың» мерейі үстем болғаны аудан, облыс үшін ғана емес, тұтас республикамыз үшін де зор жетістік десек әсіре сөз емес. Өкімет пен партияның бақылауы аса күшті заманда, екі тізгін, бір шылбырдың еркі өзімізде болмаған тұста бір топ өнерпазды баптап қана қоймай, күллі мемлекет атынан алпауыт Кеңес Одағы айдынына шығару Әуес ағайдың екінші бір ерлігі болды деп білемін. Бұл туралы 1984 жылы 21-қыркүйекте «Лениншіл жас» газетінде «Ұлы жеңістің 40 жылдығына» айдарымен шыққан фоторепортажда келтірілген мәлімет аса құнды: «Ұлы отан соғысындағы Жеңістің 40 жылдығына арналған көркемөнерпаздар творчествосының Бүкілодақтық байқауы өтіп жатқанына да біраз болды. Міне, осы байқауға Жамбыл облысы Красногор ауданындағы жастардың «Ойжайлау» ансамблі жан-жақты дайындалуда. Құрамында 20-дан астам мүшесі бар бұл өнер коллективі концерттік программаларында халқымыздың шаңқобыз, сыбызғы, асатаяқ тағы басқа көне музыкалық аспаптарын кеңінен пайдаланып жүр. Аудандық мәдениет үйінің директоры Сарқыт Әбдібаева – ансамбльдің белсенді мүшесі. Кененнің «Келінжан», «Бір бала» әндерін әншілер С. Әбітбеков, Ә. Тоқпамбетов және М. Әлімбаев нәшіне келтіре орындайды». 2 жыл аясында өткен Одақ көлеміндегі көркемөнерпаздар байқауына аудандық өнер ұжымының қатысуы аса зор жетістік болса, екінші жағынан «Ойжайлаудың» кәсіби дайындық деңгейінің жоғары болғанын айғақтап тұр.
Ұжым өз алдына Әуес ағайдың әрбір өнерпазға деген жеке жанашырлығын айта кеткен ләзім. 80-ші жылдарбас кезінде Әуес ағай аудандық көркемөнерпаздар арасында бәсім биік болған менің үнемі қанатымды қомдап, шабытымды үстеп қоятын. Әдетте менің ән таңдауым қиын еді. Өзіме ұнамаса айтпай қоям. Сол кездегі біздің қырсықтау (өнер адамының көбі сондай) мінезімізге шыдап бағып, бағыт-бағдар беріп жүрген Әуесбек ағамыздың темірдей төзімділігіне қайран қалатынбыз. Әндерімді тыңдай келе дауысымның дәстүрлі әнге де, эстрадаға да бірдей келетінін айтатын. Айтқанындай-ақ, эстрадаға мен содан кейін 15 жылдан соң қадам бастым ғой. Бойымдағы ақындық өнерімнің де барлығын байқаған Әуесбек аға болатын. «Сен қызға айтысқа шығу керек», — дегенді жиі айтушы еді. Әуес ағаның әрдайым өнер адамының қабілетін тап басып айта білетін қырағы қырының бар екенін айтқым келеді. Айтыс сияқты ұлы өнердің арқасында өмірлік жұбымды да таптым. Красногорда Әуесбек ағаның отбасымен де араластық. Әлі есімде, Жеңістің 40 жылдығына орай болған әдеттегі концертке дайындықта мен және Шәмшәгүл есімді әнші екеуміз Гвардейскіде нағашыларымыз бола тұра, оларға бармай, көбіне-көп Әуесбек ағаның шаңырағына қонаққа барамыз. Онда ағамыздың Рабиға есімді әдемі әппақ келіншегі бізді өз сіңлісіндей жақын тартып, жақсы сөйлесетін күндер бүгінде сағынышқа айналды. Ғұмыр дариямыздағы сылдырап аққан өнер қайнарымыз Красногор ауданынан басталып еді осылай. «Бұлақ көрсең көзін аш» деген ұстанымдағы ел ағаларының арқадан қағып, дем бергенінің арқасында өмір өзенінде кеме боп, ақ батасының арқасында батып кетпей еркін жүзіп келеміз. Бүгінде алты алашқа танылып, абыройымыз асқақтаса, алқалаған Әуес ағаның қамқорлығы мен қамшылауының да үлкен себі болды деп білемін.
Кенен атамыздың ғасыртойына орай құрылған «Ойжайлау» ансамблі аудан өнерпаздарына сол жылдары қай тұрғыдан да зор серпіліс әкелді, әрі бұл салаға көп жас дарынның тартылуына сеп болды. Красногордан түлеп ұшқандардың бірқаншасы кейіннен өнердің өресінде жүзген танымал есімге айналды. Өкінішке қарай, 1988 жылы аудан жабылып, Қордайға қосылған соң, өнерге жанашыр басшылар да ауысып кете барды. Соған орай ансамбль мүшелерінің біразы өнерден қол үзіп кетті. Олардың үлкен сахнаға шыға алмай, ауылдарында сол бойы қалып кеткені де әттеңай дегізетін жәйттің бірі.
1992 жылы Қордай аудандық мәдениет үйіне директор болып келдім. Красногор ауданының өнерін Қордайда жалғастырған Ержан Атамқұлов (сол кездегі «Ойжайлаудың» әншісі) және мен болдым. Аудан жабылған соң тарап кеткен «Ойжайлау» ансамблін тірілтуге бар күшімді салдым. Басыма түскен соң, ансамбль құру дегенің тап-таза машақат екенін сонда білдім ғой. Сонда да «бөрі арықтығын білдірмес, сыртқы жүнін қампайтар» деп Әуесбек ағадан көргенімді жасап, алдымен фольклорлық топ қалыптастырдым. Мен де Алматы мен Тараздан партитура жазатын, фольклорлық топты құрудың қыр-сырын білетін өнерлі қыз-жігітті шақырып, ұжымды амалдап жүріп аяққа тұрғыздым. Бейнелеп айтса, «тозған қазды топтанған қарға жейді» деген бар. Тозған қаз болмасақ та алғашында топтанған қарғаға ұрынғандай күйде әурелеңге түсіп, ансамбльдің басын құрағанымды жасырмаймын. Қордайда құрылған сол топқа баяғы Әукеңдер құрған «Ойжайлаудың» атын бердік.
Қазақ телевизиясы арқылы танылып, Кеңес одағы ауқымында аты шыққан «Ойжайлау» ансамбліне биыл 40 жыл толып отыр. Қырық жылдыққа қатысты сөзіміз жалаң болмас үшін нақты дерекке сүйенгенді мақұл көрдік. Кезінде Красногор ауданының басшысы болған Әлмұхан Исақов ағамыздың бұдан 38 жыл бұрын «Лениншіл жас» газетіне шыққан мақаладан үзінді келтіргенді жөн санадық: «Екі жыл бұрын талапты, талантты жастарды жиып, фольклорлық ансамбль құрдық. Оның репертуарының дені Кенен әндерінен тұрады. Атын «Ойжайлау» қойдық. Ансамбль ауданымыздың барлық дерлік елді мекендерінде болып, концерт беріптұрады. Қазақ телевизиясы арқылы оның өнерін республика жұртшылығы да тамашалап жүр» («Елінің желі жұпар, қоңыр салқын», «Лениншіл жас», 24 маусым 1984 ж.) Мақаланың 1984 жылы шыққанын ескерсек, Әлмұхан ағаның екі жыл бұрын дегені 1982 жыл екені түсінікті. 38 жыл бұрынғы дерек туралы «Қордай шамшырағы» газеті де жуырдағы санында жариялағанын мақала басында айтып өттік. Әуесбек ағай бұл турасындағы өз естелігінде былай дейді: «1982 жылдың 9 қарашасында Әукең Красногорға қызметке келе салып аупарткомның бірінші хатшысы Әлмұхан Исақовтан тапсырма алдым. Кенен атамыздың 100 жылдық мерейтойына орай ауданда фольклорлық ансамбль құру керек деді ол кісі. Аудан басшысының осы тапсырмасына сүйеніп, өнер ұжымын құру мақсатында Красногордағы талантты жастарды тартып, ансамбльде басын қосуға бел шеше кірістім. Жамбыл қаласынан үзеңгілес досым, майталман музыкант, композитор Мұхтар Рахманқұловты Красногорға шақырдым».
Қазір Қордай аудандық мәдениет үйінде аты аңызға айналған «Ойжайлау» ансамблінің атағы әлі күнге дүркіреп тұр. Мұны мен мақтан тұтып айтамын. Ағалар салған сара жолмен келе жатқан бүгінгі «Ойжайлау» да талай облыстық байқауда алдыңғы топтың ішінен қара көрсетіп, бәйгені қанжығасына байлап жүр. Өнер ұжымының қазіргі көркемдік жетекшісі – Ұлдан Шалабаева есімді дарынды әнші сіңлім. Өзі ансамбльде прима, домбырада да қатар ойнайды. «Бабасы еккен егінді баласы орады» дегендей, алдыңғы толқын – ағалар еккен егіннің дәнін жеп жүрміз біз солай. Аға буын мен кейінгі буынның жарасымды сабақтастығының көркем үлгісі де осы. Ауданымызда үш жыл ғана қызмет етсе де, артында игі ісі мен жақсы атын қалдырған Әуесбай Бақбергенұлы өрен-жаран, үрім-бұтағымен мың жасап, әулетімен ақар-шақар үлкен зияткер қауымға айналсын деп тілеймін. Кезінде ауылдан шығып, Одақ сахнасына бір-ақ көтерілген «Ойжайлау» ансамблінің 40 жылдық бай тарихы әлі де жазыла жатар. Біздің мақсат – сол тарихқа қатысы бар адам ретінде өзіміз білетін мағлұматпен бөлісіп, өткеннің өнегесін ұлықтауға үлесімізді қосу еді. Әйтеуір, «өткенсіз бүгінің жоқ, келешегің де көмескі» дегенді біліп айтқан ғой бұрынғылар.
Күмісай СӘРСЕНБАЕВА, айтыскер ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі «Қордай шамшырағы» газеті,
29 маусым 2022 ж.