«ОЛАР – ӨМІР ШУАҒЫ»

0

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай аудандық музей «Әйел – өмір шуағы» атты мерекелік кездесу ұйымдастырды. Іс-шараның құрметті қонақтары – ұлағатты ұстаз, ардақты ана Анаркүл Ыдырысқызы мен музей және журналистика салаларының майталманы, аяулы ана, абзал әже Сағыныш Медетбекова болды.

Кездесуге №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының 6 «Б» сынып оқушылары қатысты. Оларды экскурсовод Гульмира Абишева алдымен 8 наурыз мерекесінің тарихымен таныстырды.

«Әйелдерге арналған мерекелер тіпті ежелгі өркениеттерде де бар еді. Ал одан бергі уақытта өткен оқиғалар қазіргі әйеледер күнінің алғыштары болып саналады. Оның шығу төркіні ХІХ-ХХ ғасырлардағы америкалық жұмысшы қозғалысына барып тіреледі. Халықаралық әйелдер күні – әр жылы 8 наурызда тойланатын мейрам. Тарихта әйелдердің теңқұқықтық пен эмансипация жолындағы күресіндегі ынтымақтастық күні ретінде пайда болды. 1975 жыл – Халықаралық әйелдер жылы болып аталғаннан кейін, сол жылдан бастап БҰҰ ресми түрде наурыздың 8-ші күнін Халықаралық әйелдер күні етіп бекітті. Бұл күн елімізде де мереке күн болып табылады», — деді музей қызметкері. Оқушылар мереке тарихы туралы мәліметті мұқият тыңдап, тағылымды ой түйді.

Содан соң кеш қонақтары өздерінің өмір жолы, еңбек жолындағы жетістіктері жайлы сыр шертіп, оқушыларға әңгімелеп берді. Ақын Анаркүл Ыдырысқызы жүректен шыққан жырларын оқыды. Өзі ұлағатты ұстаз, адал жар, ардақты ана. Анаркүл апаның қаламынан бүгінге дейін «Жүректен жүрекке жеткен ән», «Аяулы жар, ардақты әке рухына», «Өлеңмен өрілген – өмір» атты кітаптары оқырманға ұсынылды.

Ал Сағыныш Әлімбекқызы баспасөз және музей саласындағы еңбек жолынан естеліктер айтып, әйел – отбасының ұйытқысы, өмірдің нұры екенін ерекше атап өтті. Ол екі-үш жылдай корректор болып редакция жұмысының ішкі сырларына жете қанықты, содан соң журналистика факультетіне сырттай оқуға түсіп, бір жылдан соң әдеби қызметкер болып тағайындалды. Сағыныш апа жиі ел аралап үздік егінші, диқан, сауыншы, шопан, құрылысшы, еңбек адамдарының бейнесін сомдап, жақсы істерін, өнегелі өмірін оқырмандарға жеткізуден өзіне ләззат табатын. Жақсының қасында көп жүру, игі істерін көп жазу өзіңді де осындай ізгі қадамдарға тәрбиелейтіні рас екен. Ол жұмыста алымды қызметкер, үйде ардақты ана бола білді, ал қазіргі таңда көбісіне үлгі, ақылшы, сүйікті әже болып отыр.

Кездесу барысында оқушылар қонақтарға көкейлеріндегі сұрақ-тарын қойып, олардың өмірі мен шығармашылығы жайлы қызықты мәліметтер алды. Қонақтар да оқушылардың белсенділігіне риза болып, өз тәжірибелерімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін айтты. Кеш соңында музей қызметкерлері әдіскер Алия Кизирова мен ескерткіштерді қорғау инспекторы Аида Тохобаева сый-құрмет көрсетіліп, арнайы тарту жасалды. Іс-шараны қорытындылаған музей жетекшісі Абай Кенжебаев аяулы аналарды мейраммен құттықтап, олардың қоғамдағы, ұрпақ тәрбиесіндегі орнын ерекше атап өтіп, жүрекжарды лебізін білдірді.

Мадина УЗБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.