Биыл Чернобыль атом электр станциясында болған қайғылы жағдайға 35 жыл толып отыр. Арада осынша уақыт өтсе де оқиғаның жаңғырығы естен шығар емес. Жыл сайын 26 сәуір күні бас қосатын бұл азаматтар Чернобыль апаты зардабын жоюға қатысқандар. Жалпысы Қазақстаннан 35 мыңнан астам адам Чернобыль апат салдарын жоюға жіберіліпті. 1986-1990 жылдары әскери борышын өтеуге аттанғандар да залалсыздандыру жұмыстарына атсалысты. Ол кезде өткір сәуленің зиянынан бейхабар әр адам азаматтық борышына адал болды.
Апатты жойғандар оның салдарын әлі сезеді. Ол кезде істің нақты мән-жайын бірер адам, оның ішінде апатты жоюшылар ғана білетін. Припять және іргелес елді мекендерге бүкіл Кеңес Одағынан өрт сөндірушілер, әскери қызметкерлер, инженерлер мен медицина қызметкерлері жолданды.
Атаулы күні апатты жоюға қатысқан қордайлықтар ҰОС ардагерлеріне арналған ескерткіштің маңына жиналып, гүл шоқтарын қойды. Салтанатты шара әкімдікте жалғасып, онда аудан әкімі орынбасарының м.а. Дамира Сүгірбай жиын қатысушыларын аудан әкімі Рүстем Дәулеттің атынан құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді:
— Апат салдарын жоюшылардың ерлігі болмағанда ауқымы одан да үлкен болатын еді. Сіздердің қайсарлықтарыңыз, ұлтжандылықтарыңыз, табандылықтарыңыз жас буын үшін үлгі-өнеге, – деген Д.Сүгірбай қоғамдық қызметі үшін Қордай ауданындағы Чернобыль ардагерлері және ерекше тәуекелді солдаттар кеңесінің төрағасы Сергей Башлаевқа аудан әкімінің Алғыс хатын тапсырды.
Осы күні Чернобыль атомдық электростанциясындағы апаттың болғанына 35 жыл толуына байланысты апат салдарын жоюшыларға салтанатты түрде «ҚР Чернобыль ардагерлері кеңесі» РҚБ төрағасы Халел Төреғалиевтың қолы қойылған мерейтойлық медальдар тапсырылды.
Сергей Башлаевтың айтуынша 14 жыл бұрын Қордай ауданында апат салдарын жоюға қатысқан 138 адам болса, жыл сайын олардың қатары сиреп, қазір 43 адам қалған.
…1986-1989 жылдар аралығында Қордай аудандық әскери комиссариатымен әскери дабыл бойынша резервте тұрған жүздеген әскери қызметкерлер шақырылды. Жиналуға бір тәулік уақыт берілді. Одан басқа апат салдарын жою жұмыстарына әскери бөлімшелерде әскери қызметін өтеп жүрген қазақстандық офицерлер, прапорщиктер мен жауынгерлер жұмылдырылды.
— Қайда бара жатқанымызды білген жоқпыз, сол жерге жеткенде қайда келгенімізді бірақ түсіндік. Припятта адамдар күндіз-түні жұмыс істеп, өз өмірлеріне қауіп төніп тұрғанын біліп, апат салдарын барынша азайтуға тырысты. Үлкен жұмыс атқарғанымызды кейін түсіндік, радиактивті сәулелер оқтан жаман, біз көрінбейтін жаумен соғыстық, — дейді Сергей Владимирович.
— Мемлекет, облыс, аудан басшылығы тарапынан әлеуметтік кепілдіктер ұсынылып, олардың қамқорлығын әрдайым сеземіз. Биыл атаулы күнге орай «чернобыльдықтарға» 100000 теңге көлемінде бір реттік көмек берілді. Қаражат аудан әкімі Р.Дәулеттің қолдауымен бөлініп отыр. Бізде қазір тегін демалуға, шипажайларда, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында әскери госпитальдарда емделуге мүмкіндігіміз бар. Барлығы үшін алғыс айтамыз, — дейді ардагер.
Ләйлім ДОСЕМБЕКОВА