ОЛАР — ІЗДЕМПАЗДЫҚҚА БАУЛИДЫ

0

Ұстаз – ұлы есім. Әр адамның жүрегінде мектепке, білім ордасына, өзіне бағыт-бағдар көрсеткен мұғаліміне деген ерекше құрмет пен ыстық ықылас сақталады. Себебі ұстаз – тек білім беруші ғана емес, ол – тәрбиеші, тұлға қалыптастырушы, болашаққа сенім ұялататын асыл жан. Сондықтан да ұстаз – қашанда алғыс айтуға лайықты тұлға.

Бүгінгі күні қоғамның дамуы мен елдің ертеңі – білімді де саналы ұрпақтың қолында. Ал сол ұрпақты тәрбиелеп, олардың бойындағы қабілетті ашып, дарынын дамытатын – ұстаздар қауымы. Олар күн сайын талмай еңбек етіп, әр баланың жүрегіне жол табуға, арманын асқақтатуға бар күш-жігерін салады. Мұғалімнің сабырлығы мен мейірімі, талапшылдығы мен жанашырлығы – шәкірт жүрегінде мәңгі сақталатын құндылықтар.

Осы орайда көп жағдайда көзге бірден түсе бермейтін, алайда еңбегі мектеп өмірінде айқын көрінетін ұстаздар бар. Олар – еңбек пәні мұғалімдері. Еңбек сабағы – оқушыны тек белгілі бір дағдыға үйретіп қана қоймай, оны ұқыптылыққа, төзімділікке, жауапкершілікке және шығармашылыққа баулиды. Бұл пән арқылы бала қол еңбегінің қадірін түсініп, өз ісіне жауапкершілікпен қарауды үйренеді.

№1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының шебер қолды ұстаздары Сергей Ткалун, Жанара Ақылбаева, Бекзат Узбекова, Анар Алимжанова, Асел Жапек – өз ісінің нағыз майталмандары. Олар оқушыларды еңбекке баулып қана қоймай, мектептің көрікті де тартымды болуына зор үлес қосып келеді. Мектеп шеберханаларында жасалған бұйымдар, түрлі көрмелер мен жобалар – ұстаздар еңбегінің айқын нәтижесі.

Әсіресе, отбасылы жұп Сергей Ткалун мен Жанара Ақылбаева – шәкірт тәрбиесінде де, шығармашылық жұмыстарда да белсенділік танытып жүрген жандар. Олардың кәсіби біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілеті талай жетістікке жол ашты. Алдағы уақытта да олар жас ұрпақты еңбекқорлыққа, табандылыққа және ізденімпаздыққа баулып, биік белестерді бағындыра беретіні сөзсіз.

Жалпы, үнемі тасада қалып, үнсіз еңбек ететін барлық еңбек пәні мұғалімдеріне Алғыс айту күні қарсаңында шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Олардың адал еңбегі мен шәкірттерге деген жанашырлығы – қоғам үшін аса құнды. Еңбектеріңіз жана берсін, құрметті ұстаздар!

Leave A Reply

Your email address will not be published.