Олар жанкешті еңбек етті

0

Менің қолымда отбасылық архивте сақтаулы тұрған 1941 жылы 11 тамызда Қасық ауылында туған Қылышова Әскеркүлдің атына КСРО Ішкі істер халық комиссариаты берген «Туу туралы куәлік» атты нағыз тарихи құжат бар. Ата-ана Сәду және Мүсілім Клышовтар. Мен көптен күткен бала едім – ата-анамның төрт ұлы шетінеп кеткеннен соң, 13 жылдан кейін  дүниеге келдім.

Менің туған күнім әкемнің соғысқа кеткен күнімен тұспа-тұс келді. Кешке бір топ адам перзентханаға келді, олардың арасында солдат – менің әкем бар. Ол қызын көруді өтінді, бірақ менің туғаныма бір тәулік те болған жоқ еді, сондықтан рұқсат бермеді. Содан соң бас дәрігер Шурина Жәмила Қонақбайқызына жүгінді. Ол жаңа туған нәрестенің шығарып, оны әкесінің қолына берді. Ол қызының құлағына бірдеңе деп сыбырлап, күбірледі де, сондай тәтті иісті емірене иіскеп, оның нәзік бетін қолымен сипады. Сәби әкесінің ыстық ықыласы мен толқуын сезініп, мейірімге үнсіз үн қосқандай болды.

-Қызымның есімін Әскеркүл деп қойыңдар – жауынгер, солдаттың қызы екенін білдіреді.

-Жігіт, сен алаңдамай елді қорғауға аттана бер. Сәбиіңе де, әйеліңе де өзім қарайласып жүремін. Жеңіспен оралғайсың… – Шурина солдатқа берген өз сөзінде тұрды, әкем соғыстан қайтпай қалған соң жетім қалған біздің отбасымызға қамқоршы болды…

Анам екеуміз Ж.Шурина жұмыс істейтін Қасық ауылында тұрдық. Ол жиі үйге келіп тұратын, анама қолдау танытып, менің денсаулығымды бақылайтын. Жиі болмаса да, келген сайын азық-түлік, дәрі-дәрмектер алып келетін еді. Біз үшін ол жақын адам болып кетті. Перзентхана меңгерушісі әрбір пациенті мен босанатын әйелге сондай мейіріммен қарайтын. Соғыстан кейінгі жылдар қиын болды, елді аштық жаулаған заманда кез-келген кішігірім көмектің өзі баға жеткізіс еді. Жәмиля Қонақбайқызы күн демей, түн демей жұмыс істейтін, аудандағы жалғыз гинеколог дәрігер болған. Арбамен, жаяу, тәуліктің кез-келген мезгілінде, қандай ауа-райы болсын шалғай ауылдар мен алыс қыстауларға жол тартатын.

1941-1945 жылдары дүниеге келген және осы күнге жеткен әрбір қордайлық өз өмірі үшін Жәмиля Шуринаға алғыс сезімін жасырмайды. Тылдағы жанкешті еңбегі үшін Жәмиля Қонақбаева «Ленин» орденімен, «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы еренеңбегі үшін» медалімен марапатталған, «Қазақ ССР еңбегі сіңген дәрігері» атағының иегері, уақыт өте келе көптеген еңбек наградалары, грамоталар мен алғыс хаттар қосылды. Ауылымызда бір көше оның есімімен аталады.

Атақты дәрігер менің өмірімде ерекше әсер қалдырды. Бәлкім, сондықтан болар, ол кісіне қарап мен де медицинаны таңдап, аудандықсанэпидстансада зертханашыболып еңбек еттім. Жылдар өте менің күйеуім Қани Саниязов осы қызметті басқарды.

Бізге нағыз адал адамдармен жұмыс істеу бақыты бұйырды. Шағын команда, негізінен әйел дәрігерлер, бірақ атмосфера отбасындағыдай болды. Жұмыстан тыс уақытта еркін әңгімелесіп, отбасылық мерекелерді бірге өткізетінбіз, бірақ жұмыста қатаң тәртіп болды. Мысалы, СЭС-тің бас дәрігері біреуге жұмыс бабымен қатты сөйлесе, ол қызметкер менімен сәлемдеспейді немесе сөйлеспейді. Сонда бізде техникалық қызметші болып істейтін тәтей: «Амандаспайды ма? Уайымдама. Өзің бірінші болып сәлем бер, өкпе-наз өтіп кетеді. Өзіңе берік бол!» деп ақыл айтып отыратын. Жұмыстан қайтқанда, түскі асқа барғанда жаяу жүретінмін. Бастық күйеуім көлікпен келеді. «Әйеліңді неге бірге алып жүрмейсің?», — деп таңданатын таныстар. «Көлік қызметтік болғандықтан, оны жеке мүдде үшін қолданып жүр деген бос әңгіме керек емес маған», — деп жауап беретін Қани. Оның өмірлік ұстанымдары отбасымызда талқыланбайтын да. Ол өте приципшіл, қатал мінезді, талапшыл болатын. Бірақ, қызметкерлерге кәсіптік біліктілігін бағалап сеніммен қарайтын, жылы сөзі мен марапатын аямайтын. 40 жыл СЭС-те үзбей қызмет етті. Мен 32 жыл жұмыс істедім.

Біздің үйде, залда бір қабырға күйеуіме арналған — оның студенттік кездегі фотосуреттерінен бастап әр кезеңдегі суреттері бейнеленген үлкен баннер ілулі тұр. Фотосуреттердің көбісі ұжыммен бірге түскеніміз: жиналыста, Наурызда, жұмыс сәттері. Бұл немереміздің Қанидің 80 жылдығына тартуы еді. Әріптестерді жиі еске алып отырамын. Лидия Ивановна Журавлева, Насихан Байбулатова, Зинаида Ивановна Абадаш, Арменак Вагаршакович Мусаелян, Райкуль Урманова, Светлана Балпукова, Татьяна Александровна Полищук, Антонина Васильевна Щегай, Галина Ивановна Чернова, Татьяна Ивановна Шатохина, Тамара Николаевна Якубенко, Жора  Корпебаев, Булат Зейнуллаевич Тайшибулатов, Назгуль Ташбулатова, Татьяна  Ивановна Колодяжная, Валентина Калиниченко, Меизгуль Ашимкуловна Буралкиева, Лидия Ивановна  Судник және көптеген басқа да бас дәрігердің орынбасарлары, санитарлық дәрігерлер, эпидемиологтар. Олар адалдықпен, жан-тәнімен жұмыс істеді. Әрқайсысы жоғары санатты мамандар болатын. Олар фотосуреттерде де, менің жадымда да жас және әдемі болып сақталып қалды. Қани Сәниязұлы бас санитарлық дәрігер ретінде де тәлімгер болды. Ол жұмыс істеуді, адамдармен қарым-қатынас жасауды үйретіп қана қоймай, өз үлгісімен қызметіміздің маңыздылығы мен жауапкершілігін айтып отыратын. «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі, КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамоталары, республика, облыс, аудан басшылығының көптеген марапаттары – аудандық СЭС бас дәрігерінің қызметі осылайша атап өтілді.

Бес бала тәрбиелеп өсірдік. Бірде мектеп директоры Б.Агапов маған: «Ата-аналар жиналысына неге келесіздер? Балаларыңыз жақсы оқиды, өздерін ұқыпты ұстайды. Ата-анаңның тәрбиесі көрініп тұр» деген еді. Ал біз оларды шын мәнінде аса бір қатаң тәрбиеде ұстаған емеспіз. Олар өздері еңбекке жақын болып. Ауылда тұрған соң мал бағу керек деп есептеймін, балалар қолдың экологиялық таза тағамын жеу керек. Таң азанмен сиыр сауып, балаларға сүт беремін, отағасын сүт пісіріп, шелпек дайындаймын. Бұдан артық бақыт бар ма. Міндетті түрде тауық асырайтынмын, жұмыртқасы нан-тоқаш пісіруде, салаттар жасағанда да керек болады. Аулада гүлзарлар өсіп тұратын. Қазір де денсаулығым болғанда гүл баптаймын. Үйіміз жылдың кез-келген мезгілінде әдемі көрініп тұрады.

Мен бақыттымын. Тағдыр маңдайыма тамаша, мейірімді, нағыз ер азаматтың әйелі болуды жазыпты, ол тек отағасы емес, ол бүкіләулеттің атасы бола білді. Оның туыстары менің туыстарым болып кетті. Балаларымыз ер жетті, қазір Қани екеуміздің 14 немереміз, 17 шөбереміз өсіп келеді. Ұлымыз Рашидтің өмірден өтіп кеткені өкінішті, одан кейін 40 күн өткенде Қани де қайтыс болды.

Күйеуімнің әкесі, қайын атам туралы бірер сөз айтайын деп едім.  Баламыз Рашид көзі тірісінде-ақ архив қорынан атасы Сәнияз Құлжанов жайлы мәлімет  тауып алған. Соғысқа дейін Кастек қаласында аудандық партия комитетінің хатшысы қызметін атқарған екен. Жалған айыптау негізінде сот оны «халық жауы» деп айыптады. Он бес минут және үкім: ату жазасы кесілсін! Бірнеше ондаған жылдар өткен соң, қайтыс болғаннан кейін ол ақталды. Алматының іргесінде сот үкімімен ату жазасына кесілген мыңдаған жазықсыз адамдар жерленген сұмдық жер бар. Ақталған соң оларды қайта жерленді. Бауырластар зиратының орнына ескерткіш орнатылып, жазықсыз шейіт болғандардың есімдері жазылған. Жыл сайын саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде біз осы мемориалға барып тұрамыз.

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында ауданның үздік дәрігерлерінің есімдерін атауға тырыстым. Олар жылы лебіз, денсаулық пен бақыт тілеуге лайық. Ал өмірден өткендер біздің жадымызда сақталады.

Барлық медицина қызметкерлеріне еңбектеріңіз бен кәсіби шеберліктеріңіз үшін әрбір емделуші сізге денсаулық тілеп, алғыс білдіретінін айтқым келеді. Олардың сөздері Жаратқанның назарына жететініне сенемін.

Әскеркүл Клышова (Саниязова), зейнеткер Қордай ауылы

Leave A Reply

Your email address will not be published.