Әулие шоқының етегіндегі егіз ауыл – Қаракемер мен Керу талай тарландарды дүниеге әкелген киелі мекен. Ғылым, экономика, өнер, журналистика, спорт, бизнес дейсіз бе, қай саланы алып қарасаң да атақты шоқының баурайынан шығып, бүкіл алашқа аты шыққан атпал азаматтарды көресің. Олар туралы талай мақалалар жазылып, таңдамалы дүниелер өмірге келді. Бүгін бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында аталмыш аймақтан шыққан ағайынды жорналшылар, қаламын қалтасынан тастамайтын таланттар – Сейілхановтар туралы аз-кем айта кетуді жөн санадық. Өйткені, әріптес ағайындардың жемісті де жеңісті жолдары көпке үлгі.
Әшірбек Сейілханұлы
Сейілхановтар туралы сөз бола қойса, «Әулиешоқы дарабозы» атанған Әшірбек Көпіш еске түседі. Жазушы-публицист, баспагер Әшірбек Сейілханұлы1947 жылдың 30 сәуірінде сол киелі таудың етегінде қоныстанған Сейілхан мен Қапузаның отбасында дүниеге келген. Қаракемердің жетіжылдық мектебінде жетінші сыныпты оқып, 8-ші сыныптан бастап көрші Қарақоңыз ауылындағы (қазіргі Масаншы) он бір жылдық мектепті 1965 жылы күміс медальмен аяқтап арман қанатында Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетіндегі филология факультетіне оқуға түседі. Сағат Әшімбаев, Сайлаубек Жұмабек, Әділбек Тауасаров, Алма Қыраубаева, Ризабек Әдуов, Нұрлан Оразалин, Алдан Смайылов сынды саңлақтармен бірге оқуды аяқтап, алғашқы еңбек жолын бастайды. 1970 жылы оқуды бітірер тұста ол республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетіне тілші, одан кейін «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде Әнес Сарай, Оралхан Бөкей, Кәдірбек Сегізбай, Серік Әбдірайым, Рашид Рахымбектермен қатарласып шығармашылық жолында нық қадамдар жасайды. Кейіннен жаңадан ашылған «Пионер» журналына (қазіргі «Ақ желкен») бас редактордың орынбасары болып тағайындалып, жеке шығармашылыққа да мықтап бел буады. 1983 жылы Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитеті, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеті мен Қазақстан Жазушылар одағының «Жалын» баспасымен бірлесіп өткізетін балалар мен жасөспірімдерге арналған әдеби туындылардың жабық конкурсына өзінің тұңғыш жазылған «Дөңгеле, күн, дөңгеле» атты хикаятын ұсынды. Бұл хикаят байқаудың екінші бәйгесін жеңіп алады. Әшекеңнің қаламынан әр жылдары «Дөңгеле, күн, дөңгеле», «Таудан түскен тұман», «Көк аспанның әміршісі», «Бетқайнардың үкілі қамысы», «Құмайкөк», «Құмайкөктің көк аспаны» аталатын повестері мен әңгіме, хикаяттары кітап болып шыққан. Ал, соңғы жылдары «Мәңгілік майдан» роман-эпопеясының I және II томдары жарық көрді.
1987 жылдың қаңтар айынан бастап Әшірбек Көпіш «Арай-Заря» журналының бас редакторы болып тағайындалады. 1993 жылы, ол «Қазақстан теледидары мен радиосы» республикалық корпорациясының директоры, кейіннен президенті болып қызмет атқарды. Қазақстан бойынша теле-радио компанияларын түгел басқарып, идеологиялық, қоғамдық-саяси өмірге белсене араласады. Ал, 1996 жылы ҚР Баспасөз министрлігінің шешімімен республикалық «Өнер» баспасына бас директор болып тағайындалды.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан баспа және полиграфия ісінің үздігі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі Құрмет грамотасының иегері, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстан Теледидары мен радиосының ардагері, «Ұлы дала Батыры» медалінің, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері.
Қарапайым ауылдан шыққан азамат осындай биіктерді бағындырып, қазіргі таңда сол бір абырой биігінен түскен емес.
Асқарбек Сейілхан
Адамзат аты жаман вируспен күреске түскенде Абай болып телеарнадан ақынның қырық қара сөзін жетесіне жеткізіп, тұрғындардың санасына құйған Асқарбек Сейілханов ең алдымен актер. Қаламы қарымды, көлдей мақалалар мен очерктерді өкірте жаза білетін, 20 жылдан астам уақыт облыстық телеарнада тер төккен Асқарбек Ақылшаұлы да Қаракемердің тумасы. Құрманғазы атындағы өнер институтын театр және кино актері мамандығы бойынша бітірген Асқарбек ағаның еңбек жолына ел қызығады.
Талай таланттар түлеп ұшқан киелі жердің перзенті еңбек жолын актерлік саладан бастаған азамат. Қазақ театры мен телевизиясы, журналистика мен білім саласында тынбай еңбек етіп, театр сахнасында 100 ден аса рольдерді сомдаған, «Шабыт» фестивльінің лауреаты, Республикалық театр фестивальдерінің «Ең үздік Ер адам бейнесі» номинациясының иегері, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі», ҚР Журналистер Одағының лауреаты. Ал, 2019 жылы «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
2010 – 2013 жылдары Жамбыл облыстық қазақ драма театрының директоры қызметін де атқарып, қара шаңыраққа басшылық жасаған азамат. 2013 жылдан бері М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Өнер және мәдениет» кафедрасында аға оқытушы болып ұстаздық жолында талай шәкірт тәрбиелеп өсірді. А.Сейілхан, соңғы жылдары «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Құнанбай» фильмінде Сарыбай бидің ролін, «Сиырдың сергелдеңі» телефильмінде Шал ролін, «Мәңгілікке қоштасу» және «Тағдыр тәлкегі» сериалында Байназар ролін сомдап, өзінің кіндік қаны тамған жері Қаракемерде түсірілген «Мәдениет үйі» сериалында Мұрат бейнесін сомдағаны баршаның есінде болар. Жоғарыда атап өткеніміздей, Асқарбек Сейілхан 2020 жылы коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған карантин уақытында Абайдың 175 жылдығына орай түсірілген телевизиялық хабарда Абай Құнанбайұлының бейнесін сомдай отырып, оның 45 қара сөзін телехабар арқылы жатқа оқып шыққан болатын.
Сол 2020 жылы Ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған «Абай мұрасы» отбасылық шығармашылық онлайн конкурсында 1-ші орын жүлдесімен, 2021 жылы — жоғары шығармашылық табыстары мен қоғамдық белсенділігі үшін «Аманат» партиясының Алғыс хатымен, 2020 жылы — өнер саласына жас мамандар дайындаудағы жетістіктері үшін «Мұхамед Хайдар Дулати – Үздік табыстары үшін» медалімен, 2019 жылы — ақпарат саласындағы белсенді қызметі үшін «Жамбыл телеарнасына – 30 жыл» белгісімен, 2020 жылы — Шона Смаханұлы атындағы «Қырық өтірік» шығармашылық байқауында 1-ші орын жүлдесімен, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің, Жамбыл облысы әкімдігінің, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының Құрмет Грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталған. «Жамбыл» телеарнасында 20 жыл еңбек етіп, аймағымыздың ақпарат айдынының кеңеюіне еселі үлес қосқан Асқарбек Ақылшаұлының «Қазақстанның құрметті журналисті» деген атағы тағы бар. Бұл атақ жайдан жай берілген жоқ. Жамбыл теларнасында жұмыс істеген 20 жыл ішінде режиссерліктен бастап, тілшілік, бас редактор болған, небір телеоператор мен тележурналистерді тәрбиелеп өсірген, қолына қалам ұстаған жастарға ақылшы болған Асқарбек аға былтыр «Қордай ауданының Құрметті азаматы» атанды.
Асқарбек Ақылшаұлына әрдайым биіктей беріңіз, шығармашылық шабытыңыз мұқалмасын дегіміз келеді.
Әбдібек Сейілхан
Жоғарыда атап өткен жазушы Әшірбек Көбіштің тетелес ағасы Әбдібек Сейілхановты қордайлықтар жақсы таниды. Талай жиында ортадан ойып, салмақты ойын, саралы сөзін жеткізе білетін Әбдібек ағаның да жазу-сызуы бір бөлек. Түйдек-түйдек ойды, орайын келтіре төгілте жазып, мөлдіретіп беретіндігіне кәнігі тілшілер де қайран қалары сөзсіз.
«Қордай ауданының Құрметті азаматы», Қордай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов бүгінде сексеннің ауылына адымдай басып бара жатқан, кеудесі шежіре, сөзі дауыл, үлкенге құрметті, кішіге ізетті, жақсы мен жайсаңның жайын нық білетін, жастарға нағыз ақылшы жан.
Еңбек жолында талай қызметтер істеп, өмірдің ащысы мен тұщысын қатар көрген, көрегендігі мен білімділігін үнемі қарапайымдылық деген қағидамен қолданатын Әбдібек Сейілхановтың нағыз ел ағасы ретінде атқарған еңбегі жетерлік, соның бірі туралы өзіміздің газетте осыдан бірер жыл бұрын сол Қаракемер ауылынан шыққан ардагер журналист Құрманбек Әлімжанның «Азаматтық алдаспаны» мақаласында жететін жеріне жеткізіліп айтылған болатын.
«Ол базбіреулер сияқты қарнының тойғанына, дүние-мүлік жиғанына мәз болып, жауырды жаба тоқып, жатса-тұрса биліктің ғана сөзін сөйлеушілер санатынан емес. Олай етсе ендігі омырауында орден, медальдар самсап тұрар еді. Қайсыбір пысықайларша қисыны келсін-келмесін небір құрметті атақтардан да кенде болмас еді. Ол шындыққа тура қарап, әділдікті, ел мүддесін қорғауға келгенде алмас қылыштай жарқылдай да біледі. Оған Масаншыда болған жағдайдың ертеңінде көзіміз жеткен. Ұлттық мәселеге келгенде, өз басын бәйгеге тіге отырып, азаматтық даусын зорайта шығарған сол сөздері күні бүгінге дейін талай саясаткерлер мен парламентшілердің ой толғауларына өзек болумен келеді. Сол оқиғаның ізінше «колхоз» аймағындағы ауылдардың аузы дуалы қарияларын біріктіре құрылған жаңа қоғамдық келісім кеңесіне кім басшылық етеді дегенде бірауыздан Әбекеңнің кандидатурасы ұсынылып, бірден қолдау табуы тегін болмаса керек. Өйткені, оның ат жалын тартып мінген шағынан мемлекеттік қызметке араласып, кеңестік кезеңде комсорг, парторг, тәуелсіздік жылдары ауыл әкімі сияқты лауазымдарды атқара жүріп халықпен жұмыс жүргізудің қыр-сырын жете меңгерген мол тәжірибесі ескерілді. 1977 – 1986 жылдары «Қордай» кеңшары партия комитетінің хатшысы қызметін атқарған. Осы кезеңде Красногор аудандық партия комитетінің пленум мүшесі, аудандық атқару комитетінің екі шақырылым бойы депутаты болып сайланған.
Әбекеңнің аудандық «Қордай шамшырағы» газетінде тілші болып, жазу өнеріне машығын жарқырата танытқан кезі де бар. Газет тігінділерінде оның экономика тақырыбына, адамгершілік, тәрбие мәселелеріне арналған ой саларлық мақалалары мен егінжай мен қырда еңбек көрігін қыздырып жүрген қарапайым жандар туралы суреттемелері қатталған», — деп толғанады өзінің жерлес ағасы туралы Құрекең.
Олай айтудың да жөні бар. Бүгінгі күнге аты ұмыт болып бара жатқан, кезінде еңбегімен еленген жандар туралы толғаулы мақалалары арагідік аудандық газетте жарияланып тұрады. Әбдібек аға Қордай ауданының қоғамдық өмірінің мұнарасы, тіреуі. Ал, жазушылық жағына тағы оралар болсақ, Қордай сияқты үлкен ауданның тарихын тереңнен қозғап, жүйелеп, жазып шықты. Бұл түсіне білген адамға үлкен еңбек. Архивтарды ақтарып, көз майын тауысып, қолмен жазатын Әбдібек ағаның қайсар мінезі, өжеттігі, жазушылығы қордайлықтарға әлі талай жол көрсетері анық.
Жасұлан Сейілхан
Ал, замандасымыз Жасұлан Сейілхан нағыз әмбебап журналист. Қаракемерден түлеп ұшқан талантты жігіт. Жоғарыда айтып кеткен аталарының, ағаларының сара жолын жалғаушы. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде халықаралық журналистика мамандығы бойынша жоғары білім алған. Еңбек жолын 2005 жылы «Қазақстан» РТРК Жамбыл облыстық филиалындағы облыстық радионың тілшісі болып бастаған. «Ақырын жүріп анық басатын» жан кім десе, осы Жасұланды айтуға толық негіз бар. Сол кездің өзінде жастығына қарамай іргелі ақпарат айдындарында тер төккен ол телевизия, баспа болсын, өзінің бірқалыпты мінезімен, түрлі тақырыпты қаузап жазатын білімпаздығымен, тілшілік шеберлігімен ерекшеленді. «Асыл арна» телеарнасында тілші, Тараз қалалық «Jambyl-Taraz», Жамбыл облыстық «Aq jol», «ARAI» газеттерінде тілші, шығармашылық топ жетекшісі, жауапты хатшы болып атқарған жұмыстарында әрдайым мақтаулы қызметкерлер қатарында болды. Әр жылдары аудандық «Қордай шамшырағында» тілші, жауапты хатшы қызметтерін атқарған тұста талай толымды мақалалардың авторы атанып, сан түрлі сала бойынша төгілтіп жазды. Осында бір айта кетерлігі, көп тілшінің тісі бата бермейтін экономика, қаржы, ғылым тақырыптарына еркін қалам сілтеп, сараптамалық мақаларды оқырманға оңай жеткізудің нағыз хас шеберіне айналған. Әлеуметтік, спорт тақырыптарының тамырына қан жүгіртіп, оқырман тамсана оқитындай етіп шеберлікпен әзірлеуі екінің қолынан келе бермейтін іс. Жауапты қызметтерінде де сол Жасұлан жайсаң мінезімен шаруаларды жайлы шешіп жүргені. Бүгінде облыстық «Арай» жастар газетінің бас редакторының орынбасары қызметін абыроймен атқарып жүргені соның бір айғағы болса керек. Сондай-ақ, Жәкең халықаралық «Қазақстан дәуірі» газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі. Еланасы атанған Сәуле Мешітбайқызы басшылық ететін газетте аймағымыз туралы мақалалар дүркін-дүркін шығып, өз оқырманын тапқан. Кәсіби журналист, футбол мен хоккейден ұлттық құраманың нағыз жанкүйері, ұл өсіріп, қыз тәрбиелеп отырған Жасұлан Сейілхан да алдағы ағалары сияқты марапаттардан кенде емес. Бірақ, олар туралы көп айта беруді жөн санамайды. Әйтпесе, аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі марапаттары бір басына жетіп артылады. Сонымен қатар шығармашылық байқауларда алған бәйгелері тағы бар. Алақандай ғана Қаракемер, Керу ауылдарынан шыққан даралар осы азаматтармен шектелмейді. Біз бүгін, қандарына сия тамған Сейілхановтар туралы «Баспасөз күні» қарсаңында сөз етуді жөн санадық. Кішкене ғана қос ауылдан мүйізі қарағайдай азаматтардың көптеп шығуы, әсіресе ағайындардың жазу өнерінде шын жүйріктер қатарынан табылатындығы әрі таңдандырады, әрі қуантады. Талай таланттарды ұшырған Әулие шоқы баурайында әлі де болса томағасы сыпырылмаған қырандар жүргені белгілі. Олардың алар биігі әлі алда.
Мереке құтты болсын, қадірлі әріптестер! Жазарымыз таусылмасын!
Дайындаған Жандос ОМАРОВ