ОМАРТАШЫНЫҢ БІР КҮНІ ТУРАЛЫ

0

Жамбыл облысында тұрғындардың тұрмысын тіктеуге арналған жоба қолға алынғалы бері газет бетінде тұрақты түрлі мақалалар жарияланып келеді. Пилоттық жобаның басты мақсаты кәсіпкерлікті дамытуды қаржыландыруға арналған. Жамбыл ауылының тұрғыны Владимир Кириллов аталмыш бағыт бойынша өтінім беріп, ара шаруашылығын дамыту үшін 2,5 пайызбен 3 млн 73 мың теңге көлемінде несие алған.

Кирилловтардың отбасылық бизнесінің мән-жайымен танысу үшін бізге ауданның табиғаты тамаша таулы жеріне баруға тура келді. Омарташы онда ұяларын қойып, жоғары сапалы бал өндіруді қолға алған. Владимир Кириллов өзі үшін жаңа кәсіпке бес жыл бұрын бет бұрған. Бұл кездейсоқ таңдау болған жоқ, Кирилловтар әулетінің аға буыны омартада көп жылдар бойы еңбек еткен.

Омартаға жеткенше Владимир өз кәсібі туралы баяндап, араларды көбейтудің қыр-сырымен бөлісіп, омарташы жұмыс барысында тап болатын қиындықтар туралы, және таңдалған істі ұнататынын айтып барды. Аралардың себепсіз шағып алатыны туралы әңгімелерді бос деп, менің қорқынышымды жоққа шығарып, кәсіпкер омартада қалай қимылдап, қалай тұрып, жүретінім бойынша нұсқаулық берді. Іс жүзінде оқыс қимыл жасамай, араны басып кетпесең, олар жуастық танытады екен.

Алған несиеге Владимир аналық арасы және бал аралары бар 87 аралар отбасын сатып алған. Бұл аралардың дамудың бірінші жылында бал жинауға қажетті күші бар. Одан басқа бал шайқауыш алынған. Ал аралардың түрлеріне келер болсақ, мақала аясында барлығын тізбей, кәсіпкердің омартасында бар араларын атап өтуді жөн көрдік. Карника танымал аралардың бірі. Владимирдің айтуынша бұл аралар бал жинау кезінде жоғары өнімділік көрсетеді. Омарташының Карпаттық түрі де бар екен, балды жақсы жинағанымен, қыстың аязына шыдамайды екен. Бакфаст түрі жақында шығарылған, балды жақсы жинайды, мінезі де жақсы. Ия, аралардың да мінезі бар. Владимирдың айтуынша кез-келген жағдайда аралардың мінезін ескеру керек, олар омарташының көңіл-күйін сезеді екен. Қазір омарта алуан түрлі шөптер өсіп тұрған биік тауда орналасқан. Бұл жерде жиналған балдың сапасы жоғары, соған бағасы да лайықты. Тауға омарта шөп гүлдеген кезде көшіріледі ол уақытқа дейін омарта алқаптарға қойылады. Ал тамыз айының соңында таудағы ауа-райының салқындауына байланысты араларды төмен түсіруге тура келеді. Омартаны көшіру де оңай емес, оны көшіретін «жүрегінің түгі бар» көлік жүргізушілерін тапқан біршама қиындық туғызады.

Кәсіпкердің айтуынша биыл бал аз, көктемде тауда жауған қар салдарынан шөп үсіп қалып, гүлдері балшырынды аз бөледі екен. Жаздың басында жауған жауын-шашын да өз әсерін тигізген. Сондай-ақ аралар аурушаң келеді, олардың ауруларын алдын алу үшін уақытылы дәрі-дәрмек беріп тұру керек. Биыл пандемияға байланысты шекаралардың бәрі жабық, ал қажетті дәрі мен құрал-жабдықтар көршілес Қырғызстан Республикасынан алынып тұрған. Сонымен бірге кейінгі жылдары жергілікті диқандар жерлерін өңдейтін химикаттар омарташының бас ауруына айналған. Өңделген алқаптарға жайылған аралар өліп қалады екен. Аумағына омартаны қойдырмайтын, келесі жылы аралардың арқасында өнімділік жоғары болатынын түсінбеген жер иелері де кездеседі. Бірнеше жыл бұрын Владимир аудан орталығында өнімін сату үшін сауда орындарын ашқан екен, қазір «От Сан Саныча» балын жергілікті тұрғындар танып үлгерген. Владимир ара фермасын ұлғайтуды көздеп отыр. Оның айтуынша мемлекет үлкен қолдау көрсеткен, енді жұмысының алға жүруі өз қолында.

Анара ТЕМІРЖАНОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.