Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құрметті мұсылман бауырлар, аудан тұрғындары мен қонақтары!
Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді берекелі Рамазан айының келуімен құттықтаймын!
Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі. Қасиетті айдың қадірін түсінген сахабалар жыл бойы «Раббымыз бізді Рамазан айына аман-есен жеткізе көр!» деп жалбарынған.
Сауаптар еселеніп жазылатын бұл айда жасалған қайырлы істің қайтарымы адам баласы үшін құпия-сыр. Тіпті ауыз бекіткен адамға берілетін сый мен сауап, құрмет пен марапат пайғамбарлар мен періштелерге де беймәлім. Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін…» – деп, оразаның қадірі мен қасиетін, мәні мен маңызын баяндаған.
Сауаптар еселеніп жазылатын бұл айда, күнәлардың да еселеніп жазылатындығын есімізден шығармағанымыз жөн. Бұзақылық және тағы да басқа күналардың бастауы ішімдік ішудің салдарынан болады. Алла Тағала адам баласына адал еткен дүниелерінде міндетті түрде пайда, ал арам еткен дүниелер екі дүниемізге де зиян алып келері белгілі. Дініміздегі осындай арам етілген нәрселердің бірі – ішімдік. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Барлық мас қылушы – арақ һәм барлық мас қылатын нәрсе харам», — деген (имам Тирмизи). Сондықтан осы қасиетті Рамазан айында барша күнә атаулысынан сақ болып, оразамызды көркем түрде өткізуіміз қажет. Осыған орай аудан тұрғындарын осы қасиетті Рамазан айында «Арақсыз ауыл» жобасын қолға алуға шақырамын.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфтиіміз Наурызбай қажы Тағанұлы үстіміздегі 2025 жылды «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялады. Дініміз исламда отбасылық құндылықтарға ерекше мән берілген. Дін мен дәстүрін қадір тұтқан дана халқымыз да «Отан отбасынан басталады» деп, отбасының қоғамдағы орнын ерекше бағалаған. Осыған орай алдымызда келе жатқан қасиетті айда отбасымызға көңіл бөліп, барынша уақытымызды, қөңілімізді жанұямызға арнағанымыз жөн!
Рақым айы – Рамазан құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке нәсіп еткей!
А.ЕГІЗБАЕВ, аудандық «Қордай» мешітінің бас имамы