ОРАЗА АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

0

Құрметті Қордай ауданының тұрғындары! Қадірлі мұсылман қауым!

Сіздерді исі мұсылман баласының ұлық мерекесі – ораза айтпен шын жүректен құттықтаймын!

Отбасыңызға бақыт пен береке, деніңізге саулық, жұмысыңызға табыс тілеймін. Ораза айт – жүрекке қуаныш пен мейірім сыйлайтын, адамзат баласын ізгілікке, достық пен бауырластыққа, қанағат пен қайырымдылыққа үндейтін мейрам. Айт сөзі – мерекелеу, хал сұрасу, бір-бірін қуанту, қуанышқа топталу, қарымта деген ұғымды білдіреді. Ораза айт – қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін мереке.

Жер бетіндегі күллі мұсылман үмбеті айт күндері хал сұрасып, бір-бірін құттықтап, мәре-сәре күй кешеді. Сонымен қатар, көмекке мұқтаж жандарға жәрдемдесіп, оларды да қуанышқа бөлейді.

Алла Тағала: «…Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн…» дейді.  Жаратушы Иеміз сіз бен біздің қуанышты күндерімізді еселей түссін деп тілеймін.

Ораза айт – отбасылық мереке. Айт күндері ата-анамызды, ұл-қыздарымызды, аға-бауырларымызды қуанышқа кенелтіп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен мүгедек жандарға көмектесудің сауабы мол.

Аудандағы мешіт имамдары, дін қызметкерлері қасиетті Рамазан айында аудан бойынша азық-түлік таратып, қайырымдылық жобаларды жүзеге асырды. Сауаптар еселеніп жазылатын берекелі айда игі іске атсалысқан еріктілерге, демеуші азаматтар мен жомарт жандарға риясыз ниетпен айрықша алғысымды білдіремін.

Құрметті жамағат!

Алла Тағала отыз күн бойы ұстаған оразамызды, жасаған дұғамызды, жәрдемге мұқтаж жандарға үлестірген садақамызды қабыл еткей!

Әр отбасына амандық, жақсылық тілеймін. Оразадан оразаға дейін аман-есен жете берейік! Жер бетінен жұқпалы дерт жойылып, мерекелі, берекелі сәттерде жүздесуді жазсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әмин!

Әлмұхаммед Егізбаев, Қордай ауданының бас имамы

Leave A Reply

Your email address will not be published.