Қордай ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы және көктемгі абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық екі айлығы аясында ауқымды сенбілік өтіп, оған жүздеген қордайлықтар атсалысты. Айта кетейік, апта басында аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатовтың төрағалығымен өткен жиналыста сенбілік мәселесі терең қарастырылып, жұмыстар бекітілген болатын. Қазақстанның тазалығы – қазақ халқының мәдениетінің көрсеткіші. Әрбір саналы азамат өзі тұрып жатқан елді мекенде тазалықты сақтауға күш салуы қажет. Сенбілік барысында мекеме қызметкерлері, жұмысшылар және белсенді азаматтар Қордай ауылынан «Отар аймағына» дейінгі жол бойын тазалап, қоқыстарды жинап, қураған ағаштарды кесіп, шөптерді шауып, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Шараның басты мақсаты — қоршаған орта мен тұрғындар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету, азаматтық жауапкершілікті арттыру, экологиялық сана мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру және нығайту мақсатында құрылған қоғамдық игілікке ұқыптылықпен қарау. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, барлық ауылдық округтерден жиналған қауым ортақ іске барынша өз үлесін қосты. Ауданның коммуналдық шаруашылық мекемесі мен
«ДЭУ» мекемесі, ауылдық округтер қажетті техникамен қамтамасыз етсе, «HOWO» көліктері, тракторлар мен басқа да техника сенбіліктер қатысушыларды бастап жүрді. Барлығы 40 техника жұмылдырылды. Осылайша республика көлемінде өтіп жатқан игі шараға қордайлықтар да бір үйдің баласындай қатысып, өзара ынтымақ, ауызбірлік және қоршаған орта мен туған өлкенің экологиялық ахуалына бейжай қарамайтындықтарын тағы бір мәрте дәлелдеді. Ауқымды сенбіліктер аудан аумағында алдағы уақытта да жалғасын тауып, қоғамды ортақ іске жұмылдыруға бағытталмақ.
Анжела ИЗАЕВА