ОРТАЛЫҚ СТАДИОН КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТПЕК

0

Қордай ауданында бұқаралық спортты дамыту бағытында маңызды қадам жасалды. Бұл ретте, Қордай ауылындағы орталық стадионды қайта жаңғырту жұмыстары басталды.

Аудан әкімі Бегзат Болатбеков орталық стадионға барып, жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Аудан әкімі атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына мән беріп, құрылғылардың заманауи талаптарға сай болуын және құрылыс жұмыстарының сапалы аяқталуын тапсырды. Сонымен қатар, құрылыс материалдарының сапасын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін ескертті. Мердігерлік мекеме өкілімен жүздескен аудан басшысы құрылыстың сапасына мән беріп, нысанды ел игілігіне тапсыру керектігін айтты.

«Мемлекет қаржысының мақсатты жұмсалуы, құрылыс сапасының талапқа сай болуы басты назарда. Сондықтан, әрбір іске жауапкершілікпен қарағандарыңыз дұрыс»,-деді Бегзат Сейсенқұлұлы.

Құрылыс жұмыстарының тапсырыс берушісі – аудан әкімдігінің құрылыс бөлімі болса, ал құрылыс жұмыстары – «BIG Building NS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігерлік мекемесіне табысталған. Сонымен қатар, «ИСА СТРОЙ КОМПАНИЯ» ЖШС техникалық қадағалаушы қызметін атқарса, «Жансерік құрылыс» ЖШС – авторлық қадағалаушы.

Аталмыш стадионда жүгіру жолы, көрерменге арналған орындықтар, жуыну, жаттығу бөлмелері, сыртқы жарықтандыру, автокөлік тұрағы тіпті, салтанатты шараларды өткізуге арналған трибуна да қарастырылған.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.